Жаңа салық кодексіне «Сән-салтанат» салығы енгізіледі. Енді байлықтан балқып-шалқығандардың мемлекетке төлейтін салығы да артады. Бұл талап қалай жүзеге асады? Жаңа салық кодексінде тағы қандай жаңашылдықтар бар. Бүгінгі Үкімет сағатында осы мәселелер талқыланды. Самал Қабышеваның материалы.
Елімізде 12 мыңнан аса адамның ай сайынғы жалақысы 3 млн 300 мың теңгеден асады. Яғни, әр адамның жылдық табысы - 40 млн теңге. Енді олар осы соманың 10 пайызын яғни, 4 млн теңгені салыққа төлейді. Одан артық тапса, төлейтін салығы да көбейеді.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Егер жылдық табысы 50 млн теңге болса, 10 млн теңгелік артық табысынан 15 пайыз салық төлейді.
Яғни, жылына 7,5 млн теңгесін салыққа береді. Бұдан бөлек «сән-салтанат» салығы енгізіледі. Бұл норма жеке яхтасы, ұшағы, бірнеше пәтері, қымбат көліктері барларға тікелей қатысты. Тіпті, несиеге алса да, салық төлеуге мінедттеледі.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Біз қымбат мүліктерге қатысты салық енгізіп жатырмыз. Мысалы, 200 мың доллардың көлігін несиеге алса да «сән-салтанат» салығын төлеуге міндеттеледі. Бірақ «сән-салтанат» салығының көпшілік сұрағандай айфон сынды қымбат телефондарға мүлдем қатысы жоқ. Бұл заттар «сән-салтанат» байлығына жатпайды.
Жоспар бойынша жаңа Салық кодексі келесі жылдың басынан күшіне енеді. Ойын бизнесінің де салығын көбейту көзделген. Себебі, олардың табысы 5 жылда 35 есе өскен. Сондықтан құмар ойынның салығы 30 пайызға дейін көтеріледі. Жер қойнауын пайдаланушылардың да салығы жоғарлайды. Бұдан басқа, тиімсіз салық жеңілдіктерін оңтайландыру және олардың тиімділігіне мониторинг сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни, салық органы халықтың табысын бақылайтын мекеме ғана емес, кеңес те береді.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:
Одан кейін біз салық кодексіне сервистік модел енгізу шеңберінде Президенттің тапсырмасы бойынша, оқыту жұмыстарын, кеңес жұмыстарын кеңінен қолданамыз. Міндетті түрде салық төлеушілер салық органына келуі міндетті емес. Барлығын инструкция ретінде қысқаша, ролик ретінде, әлеуметтік желіні қолдануымыз керек.
Самал Қабышева, тілші:
Сондай-ақ, бұған дейін салық төлеушінің 100 теңге қарызы болса салық мекемесі тарапынан оның барлық шоттары бұғатталатын. Енді мұндай талап алынып тасталуы мүмкін. Яғни, салық төлеушінің қарызы 20 мың теңгеге жетпесе, оның шоттары бірден бұғатталмайтын болады.
Самал Қабышева