Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан 205 мыңнан аса науқас есепте тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан 205 мыңнан аса науқас есепте тұр

26.10.2023

Өкпенің қатерлі ісігіне шалдыққандар арасында өлім-жітім көбейіп келеді. Елімізде онкологиялық аурулардан көз жұматындар санының көптігі жағынан өкпе обыры ең бірінші тұр. Бұл - өлім көрсеткіші бойынша статистика. Жалпы елімізде онкологиялық дертке шалдыққан 205 мыңнан аса науқас есепте тұр. Бүгін Астанада осы саланың мыңнан аса маманы съезге жиналды. Самал Қабышеваның бейнематериалында.

Мыңнан аса маман. 25 елдің арнайы өкілі. Онкологтар мен радиологтардың съезінде олар өзара тәжірибе алмасады. Мәселен, Антуан Де Пау Франциядан келіп отыр. Ол сүт безі обырының тұқым қуалайтынын анықтаған онкологиялық зерттеу орталығының өкілі.

Антуан Де Пау, Кюри Институтының өкілі /Франция/:

Егер сүт безі обырына апасы шалдыққан болса, ол тұқым арқылы тіпті немересіне де беріледі. Сондықтан отбасында бұл дертке шалдыққандар болса, бірден тексерілу керек.

Мамандар дәл осы сүт безінің қатерлі ісігі алғашқыда мүлдем сыр бермейтінін айтады.

Назгүл Омарбаева, Қазақ ҰҒЗИ сүт безі ісіктері орталығының маммолог-хирургы:

Өйткені ол түйіндер бір см, жарты сантиметр түйіндер. Қолға ілінбеуі мүмкін. Сондықтан әйел адамдар скринингке қаралуы керек. 25 жастан әйелдер ультра дыбысты зерттеуге түсу керек. Жылына бір рет маммологқа барып тұруы керек. Ал 40 жастан асқан әйелдер 2 жылда бір рет маммографияға түсуі керек. Сүт безінің қатерлі ісігі ауыруы бойынша бірінші орында тұрғанмен, өлім бойынша төртінші орында.

Елімізде онкологиялық дерті бойынша 205 мың науқас есепте тұрса, оның 40 мыңнан астамы сүт безіне шалдыққандар. Ал екінші орында өкпе, үшіншіде ішек ауруы, төртінші орында асқазан обыры тұр.

Бақытжан Оңғарбаев, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

Ең бірінші біздің жететін көрсеткішіміз, әрбір науқасты 5 жылға дейін өмір сүруге жеткізу. Ол емнің прогнозы бәрі сатылыммен байланысты. Бірінші, екінші сатылым болса, ол пациенттер радикалды емге жарайды.

Өкпенің қатерлі ісігіне шалдыққандарды енді наркозсыз емдеуге болады. Мұндай мүмкіндік бұған дейін болмаған. Еуропа еліндегі жаңашылдықты қазақ медицинасына Алматыдағы өңірлік көпсалалы аурухана дәрігері Валерий Макаров енгізген. Енді ол өз тәжірибесімен съезге келген онкологтармен бөліседі.

Валерий Макаров, Алматы өңірлік көпсалалы аурухана дәрігері:

Операция барысында науқастар сөйлеп жатады. Олар тіпті су сұрап іше алады. Науқасқа наркоз салмай, өкпеге операция жасау әдісін елімізде біздің аурухана алғашқы болып қолданды. Биыл осы тәжірибені бес адамға қолдандық.

Ал еліміздің бас онкологы ең негізгі проблеманы атады.

Диляра Қайдарова, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрағасы:

Барлық өңірде медициналық құрылғылардың 30 пайызы ескірген. 2023-2027 жылдарға арналған бюджетіміз бекітілді. 460 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражат есебінен мамандардың біліктілігін арттыру, жаңа техника алу, тіпті жаңа онкологиялық орталықтардың құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.

Самал Қабышева, тілші:

Еліміздің мыңнан аса онколог мамандары жиналған ауқымды шара ертең де жалғасады. Дәрігерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған басқосу жалпы екі жылда бір рет ұйымдастырылып тұрады. Мақсат - онкологиялық дерттен көз жұматын науқастардың санын азайту. Ал елімізде жылда дәл осы қатерлі ісіктен 19 мыңнан аса адам көз жұмады екен.

Самал Қабышева

астана

Хабарламаларға жазылу