Республика күні - Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Республика күні - Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы

23.10.2023

«Республика күні - Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы». Бүгін Астанада осындай атаумен ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға Елордадағы қоғамдық және азаматтық сектор өкілдері, үкіметтік емес ұйым басшылары қатысып, қайта жаңғырған Республика күнінің маңыздылығы жайында ой-пікірлерін ортаға салды.

Қайта жаңғырған ұлттық мереке халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды қадам. Жиналғандар, тарихқа шегініс жасап, азаттығымызды айқындаған шешімдер жайлы ой-пікірімен бөлісті.

Айдана Қамзаева, Қазақстан халқы Ассамблеясының бөлім басшысы:
Біздің қатысушыларымыз Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап, күні бүгінге дейінгі уақыттағы өзекті мәселелерді талқылайды. Биыл 25 қазанда екінші рет ұлттық мереке ретінде атап өтеміз, соған орай аталған іс-шара ұйымдастырылуда.
Конференцияға қатысушылар этномәдени бірлестіктердің ынтымағының маңыздылығына тоқталды. Бүгінде түрлі ұлт өкілдері қазақ халқын туғанындай көреді. Олар осында өздерінің ұлттық дәстүрлерін, мәдениетін, өзіндік ерекшелігін сақтап қалуға мүмкіндік алды деді баяндама жасағандар.

Зулфухар Ғаипов, Астана қалалық қоғамдық кеңес төрағасы:
Отыз жылдың ішінде ішкі-сыртқы саясатымызда да өте салиқалы жүріп келе жатыр. Осы жылдардың ішінде елдің ішіндегі ұлтаралық қатынастардың тұрақтылығы. Осының барлығы декларацияның әлеуеті деп білеміз.
Жиынға қатысушылар мемлекеттік егемендік туралы декларацияның маңызы мен мәні, ұлттық мерекенің ел өміріндегі орны жайында да өз ойларын ортаға салды. Тәуелсіздіктің бастауы болған күнді өскелең ұрпақтың санасында қайта жаңғыртып, ұлықтауымыз керек делінді.

Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу