Алматы әкімдігі баспана сатып алуға 29 млрд теңге жұмсамақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы әкімдігі баспана сатып алуға 29 млрд теңге жұмсамақ

18.10.2023

Алматы әкімдігінің «ескі үйлерді сүру» бағдарламасы толыққанды жүзеге асқан жоқ. Өйткені тозығы жеткен баспананы түгел бұзып, орнына жаңасын салып беретін инвестор аз болған. Енді апатты үйдегі тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріміз деген жауаптылар, жергілікті бюджет есебінен 29 миллиард теңге бөліп, оларды дайын үйлерге көшіріп жатыр. Бірақ тұрғындар баспананың сапасына шағымданып отыр.

Алматыда өткен ғасырдың отызыншы жылдары салынған 1400-ге жуық үй бар. Оның 600-і Түркісіб ауданында. Басым бөлігі апатты жағдайда тұрған баспананы паналап, көшуге кезек күтіп отырғандар.

Ықтияр Ермағанбетов, қала тұрғыны:

Жылда адам шақырып жөндетеміз. Кейде өзіміз бояуын, басқасын сатып алып сылап, жамаймыз. Жылда жоғарыдан су ағып, түсіп қалады. Қазір қысқа жақын тағы жөндейміз. Бізге көмек қажет емес. Үй сүріле ме, жоқ па, соны айтсын. Болмайды десе, өзіміз жөндеп, үй салып алайық.

Жақында ғана Түркісіб ауданы тұрғындарымен кездескен қала басшысы Ерболат Досаев тұрғын үй қорын жаңартудың жаңа бағдарламасы әзірленеді әрі сол үшін қоныс аудару қоры құрылады деп еді.

Тиісінше, 13 қазан күні мемлекеттік сатып алулар порталында Алматы әкімдігінің 100 пәтер сатып алатыны жайлы жаңа лот пайда болды. Құжатта «Күрделі құрылыс кәсіпорны» серіктестігі әр пәтерге 31 миллион 342 500 теңге төлейтіні жазылған.

Руслан Қадесов, «Алматы қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС Басқарма төрағасы:

Қоныс аудару қорын жинақтау үшін 29 млрд 600 млн теңге бөлінген. Ол 1500 пәтер сатып алуға арналған ақша. 2023 жылдың соңына дейін 800 пәтер алу жоспарымызда бар. 800 пәтерді бір лотпен өткізсек, оны қабылдау рәсімдері бар ғой. Ол уақыт алады. Сондықтан біз оны лот-лот қылып бөлдік 100, 150 пәтерден.

Бүгінге дейін 70-ке жуық отбасы жаңа пәтерлерге көшкен. Бірақ олар 31 миллион теңгеге сатып алынған екі бөлмелі пәтердің бағасы сапасына сай емес екенін айтып қапалы.

Мая Сейітжанқызы, қала тұрғыны:

Көшіп келген себебім, үйдің көлемі үлкен болды. Бірақ қаланың шеті, кішкене қиындау, қиналып жүрмін. Келген кезде әжетханадағы унитаздар қисалаңдап тұрды. Ваннаның шеті аңқиып ашық тұрды, мойка да селкілдеп тұрды, бәрін өзіміз жөндеп жатырмыз ақырындап.

Ескі үйлерді сүріп, халықты басқа пәтерлерге көшіру жұмыстары 2015 жылы қолға алынған еді. Бірақ 8 жылда небәрі 70 үй сүріліп, 59 баспана салынған. Жұмыстың баяу жүруін жауапты мекеме инвесторлардың жоқтығымен байлыныстырып отыр. Сондықтан қалалық әкімдік тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасын өзгертіп, бюджеттен ақша бөлуге мәжбүр болдық дейді. Биыл 800, ал келесі жылы 700 пәтер сатып алу көзделіп отыр.


Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу