Қостанай облысындағы Жангелдин ауданында биыл екі ауылға орталық су желісі тартылып жатыр. Алайда соның бірі Шеген елді-мекенінің тұрғындарының көңілінде күдік пен үміт итжығыс түсіп тұр. Олардың бірқатары сапалы су тартылып жатқанына қуанса, енді бірі құрылыс сапасыз жүріп жатыр деп есептейді. Соның кесірінен көктемгі тасқын кезінде құрылғы істен шығып, миллиондаған қаржы желге ұша ма деп алаңдайды.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Шеген ауылына ауыз су төрт шақырым қашықтағы Торғай өзенінен тартылған. Тұрғындар көктемгі тасқын кезінде сорғы орнатылған жерден тап мына мен тұрған тұсқа дейін жайылма су шығатынын айтады. Яғни, сондай кезде құбырдан ақау шықса оны жөндеу мүмкін болмай қала ма деп алаңдайды. Ол жерге қазір де бара алмайсыз. Жол ми батпақ.
Жергілікті тұрғындардың бірі өзінің жанайқайын осылай ұялы телефонға түсіріп әлеуметтік желіге жариялаған. Әлі де біраз адамның көңілінде осындай күдік бар. Бірақ оны камера алдында айтуға ешқайсы келіспеді. Бізбен тілдескендердің бәрі сапалы судың әр үйге кіргізіліп жатқанына қуанып отырғандарын айтты.
Базаргүл Шахмарданова, Шеген ауылының тұрғыны:
Елге су келгеніне қатты қуанып жатырмыз. Міне үйге құбырды кіргізіп қойды. Енді одан әрі қарай үй ішіне өзіміз тартып, дәретхана, ванна орнатамыз.
Кеңес заманында бұл елдімекенге орталық желі жерасты суынан тартылған. Ескі мұнарасы ауыл шетінде әлі тұр. Алайда, арнайы барлау жүргізген мамандар дәл қазіргі кезде жер асты суының қоры азайып кеткенін анықтапты. Сол себепті құбырды жақын жердегі жалғыз су көзі Торғай өзенінен тартуға шешім қабылданған.
Елдос Едіресов, Шеген ауылының әкімі:
Жаңағы қоршалған қоршауға су кіреді деп халықтан наразылық болды. Бірақ мердігер компания оның жан жағын 1- 1,5 метрге биіктетіп топырақ үйіп көтереміз деп отыр. Сонда оған су кірмейді.
Шегенмен көршілес Ақшығанақ ауылының тұрғындары осыдан 5 жыл бұрын тартылған су желісінің пайдасын көрмей отырмыз дейді. Құбырда су бар, бірақ тазартылмаған.
Оразбай Кәкіл, Ақшығанақ ауылының тұрғыны:
Қосылғаннан кейін 1-2 жыл тап-таза болды. Ішуге жарады. Ал осы тұрғанда ішуге жарамсыз. Кір жууға, мал суаруға пайдаланамыз. Сүзгі жоқ дейді.
Аудандағы жауапты мамандар Ақшығанақ ауылында ескісін жаңарту үшін алып берген сүзгі бар-дейді. Алайда бар нәрсені неге салмағандары түсініксіз. Келер жылы ауданда тағы бір ауылға орталық желі тартылуы тиіс. Шағын үш елді-мекенді тасымал сумен қамту жоспарда тұр. Аудан басшылары осылайша 2025-ші жылы барлық ауылдарға сапалы су жеткізу жұмысын аяқтаймыз деп отыр.
Дәуренбек Әбдібек