Қарағанды облысында ауыз сумен қамту жұмысы қарқынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында ауыз сумен қамту жұмысы қарқынды

22.02.2023

Қарағанды облысының Нұра ауданында биыл екі бірдей ауылға ауызсу тартылады. Қазір тиісті қаражаты бөлініп, жұмысты атқаратын мердігер анықталған. Ал алдағы екі жылда аймақтағы барлық елді-мекенді тіршілік нәрімен қамту жоспарда.

Қараой ауылының тұрғыны Бекайдар Смайылов кезінде бас инженер болған. Белсенді азамат елдімекендегі бірнеше құдықтан алынған сынаманы Қарағандыдағы зертханаға апарып, су сапасыз екенін дәлелдеген. Бұдан кейін ауылға орталықтандырылған су желісі тартылды.

Бекайдар Смайылов, Қараой ауылының тұрғыны:
Әр үйдің өзінің насосы болды, өзінің скважинасы болды. Судың сапасы өте нашар болды. Тұзы көп болды. Енді мал суаруға жарады. Бірақ өзіміз пайдалануға жарамсыз болды. Көбіміз, көліктері барлар мынау Нұрадан әкеліп отырдық баклажкамен. Қазір енді әр үйде. Трубопровод, водопровод әр үйге кіргізілген, жақсы болды. Сапасы өте жақсы.

Қараой ауылын сапалы тіршілік нәрімен қамту үшін бюджеттен 150 миллион теңге бөлінген. Құбыр тартылып, сыйымдылығы 50 текше метр болатын су мұнарасы орнатылды. Қордағы су ауыл жарықсыз қалған жағдайда екі тәулікке жетеді.

Сағындық Әбенов, Қараой ауылының әкімі:
Әлеуметтік нысандарға тартылды. Мәдениет үйі, мешіт, мектебіміз, әкімшілік ғимаратына. Мердігер өз тарапынан әлеуметтік аз қамтылған 15 отбасына үйіне дейін тегін тартып берді. Жоба бойынша ол тек қана жекеменшік жер учаскесіне дейін ғана тартылады.

Нұра ауданында барлығы 37 елді-мекен бар. Соның 28-і қазір ауызсумен қамтылған.

Нұржан Оралбаев, Нұра аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлім басшысы:
Биылғы жылға екі жоба. Мердігер ұйымы анықталған, конкурстық рәсімдер өткен жоба. 700 миллионнның шамасында екі жобаға қаражат бөлініп отыр. Бұл бізде Жарасбай ауылы, қайта құрылымдаудан өтеді. Теңіз өңірінде Құланөтпес ауылы жаңа құрылыспен өтеді.

Ал келесі жылға Балықтыкөл мен Изенді ауылына су құбыры тартылмақ. 2025 жылға дейін аудандағы елді-мекендерді түгел тіршілік нәрімен қамту жоспарланып отыр.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу