Үндістандағы алапат тасқын: Ауқымды іздеу-құтқару операциясы жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үндістандағы алапат тасқын: Ауқымды іздеу-құтқару операциясы жүріп жатыр

06.10.2023

Үндістанда ауқымды іздеу-құтқару операциясы жүріп жатыр. Елдің солтүстік-шығысындағы Сикким штатын алапат тасқын жайлады. Табиғи апаттан бірнеше адам қаза тапқан. 100-ден аса адам хабар-ошарсыз кетті. Олардың арасында сарбаздар бар. Мыңдаған турист тасқын жүрген аудандарда қалып қойған.

Гималай тауында орналасқан штатта алапат тасқын жүрді. Өңірде бірнеше күн бойы үздіксіз нөсер жауып, өзендер арнасынан тасыған. Соңғы мәліметтерге қарағанда, 14 адамның денесі табылды. 100-ден аса адам жоғалып кеткен. Хабар-ошарсыз кеткендердің 22-сі - сарбаз. Су басқан штаттың түрлі аудандарында 3 мыңдай турист қалып қойған.

Жағдай бөгеттегі су өзенге төгілгеннен кейін ушығып кеткен. Су деңгейі көтеріліп, тасқын одан бетер күшейді. Оннан аса көпірді су шайып әкеткен. Үйлер қирап, көліктер суға батты. Штатты басқа өңірлермен жалғайтын кейбір жолдар опырылып, көлік қатынасы тоқтады. Ұялы байланыс та үзілген.

Тилак Шарма, ауыл әкімі:

Мына аймақ түгелдей бүлінді. Үйім толықтай қирады. Іргелес ғимаратқа да зақым келген.

Гиятсо Бхутия, Сикким штаты заң шығару жиналысының мүшесі:

Адамдардың үйлеріне, дүние-мүлкіне зақым келді Жоғалып кеткендер іздестіріліп жатыр. Бұған қатысты ақпарат жаңартылады. Үкімет аппараты толықтай жұмыс істеп жатыр.

Табиғи апат жайлаған өңірде нөсер жауын әлі тоқтаған жоқ. Қолайсыз ауа-райы іздеу-құтқару жұмыстарына кедергі келтіріп жатыр. Ауа-райын бақылау басқармасының мәліметінше, жаңбыр тағы бірнеше күнге жалғасуы ықтимал. Таулы аймақтағы бұл штатта тасқын жиі болады. Былтыр топан судан мұнда 24 адам қаза тауып, ондаған мың тұрғын үйлерін тастап кеткен еді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу