Құдыққа түсіп кеткен 2 жасар баланы құтқару операциясы үшінші күнге созылды

28.10.2019

Үндістанда құдыққа түсіп кеткен 2 жасар баланы құтқару операциясы үшінші күнге ұласты. Бүлдіршін алдымен 10 метрлік тереңдікке, содан кейін тағы 30 метрге құлап кеткен. Құтқарушылар шұңқырға оттегін жіберіп, баланы шығарып алу мақсатында оның жанынан тағы бір ұңғыма қазып жатыр. Арнайы камера арқылы сәбидің тыныс алып жатқаны анықталған.

Оқиға елдің оңтүстігіндегі Тамил Наду штатында болды. Кішкентай Суджит Уилсон балалармен көшеде ойнап жүріп, қараусыз қалған құдыққа түсіп кеткен. Анасы ұлын бастапқыда өз күшімен шығарып алмақ болады. Алайда оның бұл әрекетінен ештеңе шықпаған. Ауқымды құтқару операциясына үкімет күштері жұмылдырылды.

Оқиғаға байланысты, Үндістандағы қоғам белсенділері пайдаланылмайтын құдықты ашық тастап кететіндерге айыппұл салуды ұсынып отыр.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу