Ақмола облысында нөсер жауыннан құрылысы кешіккен мектеп су астында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында нөсер жауыннан құрылысы кешіккен мектеп су астында қалды

05.10.2023

Ақмола облысының Есіл қаласындағы екі қабатты мектеп есік-терезесіз жаңбыр астында қалып, бүлініп жатыр. Жоспар бойынша білім ошағы жазда күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылында пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда, мердігер жүктелген міндетті уақытылы орындамаған. Онымен қоймай, жұмысшылар онсызда тозығы жеткен білім ұясының шатыры мен терезесін алып тастап, ғимарат апталап жауған нөсер жауынның астында қалған. Салдарынан 700 оқушы қаладағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр.

Сексен жылдық тарихы бар білім ұясын қалпына келтіру үшін биыл облыстық бюджеттен 856 миллион теңге бөлінген. Құрылыс материалдары уақытылы жеткізіліп, жұмыс маусым айында басталыпты. Алайда, жұмысшылар сылбыр қимылдады,-дейді тұрғындар.

Жанар Хасенова, қала тұрғыны:

Балаларды басқа мектептерге тасымалдау мәселесі шешілмеген. Қоғамдық көлік бірде бар, бірде жоқ.

Ирина Мальцева, қала тұрғыны:

Төртінші сыныпта оқитын қызымда күнде 7 сабақтан болады. Екінші ауысымда оқиды. Мектептен шыққанша кеш батады, қараңғы болады.

Аудандық білім бөлімі мектептегі құрылыс мерзімінен кешіккендіктен мердігер компанияға бірнеше рет хат жазып, жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын талап еткен. Алайда, бұдан еш нәтиже шықпапты.

Никита Полюх, Есіл аудандық білім бөлімінің басшысы:

Бұл екі жылдық жоба. Күрделі жөндеу жұмыстарының бір бөлігі жаз айларында, қалғаны келер жылы аяқталуы тиіс еді. Жоспар бойынша, құрылыс оқу процесіне ешқандай кедергі келтірмеуі керек. Алайда, мердігер компания жүктелген міндетті уақытылы орындай алмады.

Білім бөліміндегілер жөндеу жұмыстары екінші тоқсанға дейін толық аяқталады,-деп сендіріп отыр. Қазір қосымша жұмыс күші тартылған. Алайда, бір айдан кейін пайдалануға берілуі тиіс білім ошағының қазіргі күйі көңіл көншітпейді.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Бұл мектептің қазір шатыры да, терезесі де жоқ. Аймақта апталап жауған жауынның салдарынан білім ошағының төбесінен су сорғалап, қабырғалары жарылып кеткен. Жиһаздар да жарамсыз күйге түсіпті.

Ал мердігерлер жөндеу жұмыстары ғимараттың құрылымы күрделі болғандықтан ұзаққа созылды-деп отыр.

Сергей Мизев, құрылыс компаниясының учаске бастығы:

Жылу, су, кәріз жүйесін қайтадан жаңарттық. Көп уақыт кетті. 1942 жылы салынған мектепке осыған дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ауа-райы да қолайсыз болды. Қаншама апта жаңбыр жауды.

Жауаптылар, тапсырыс беруші мен мердігер компания арасындағы келісімшарт бұзылса, жұмыс мүлдем тоқтап қалады -дейді. Өйткені, сот істі бірнеше ай бойы қарастырып, құрылыс бұдан да ұзақ уақытқа созылып кетуі мүмкін.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу