«Shell» концернінің Қазақстандағы жұмысына 30 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Shell» концернінің Қазақстандағы жұмысына 30 жыл толды

04.10.2023

Президент халықаралық «Shell» энергетикалық концерні еліміздің мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы алғашқы шетелдік инвесторлардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ концерннің Қазақстандағы қызметінің 30 жылдығы, сала тарихындағы маңызды кезең саналады деді. Осы аралықта «Shell» ел экономикасына 18 миллиард доллардан астам инвестиция құйған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Shell» дүниежүзіне танымал, беделді кәсіпорын. Бүгінде Қазақстан осы компаниямен бірлесе жұмыс істеп, әлемдік мұнай нарығында зор жетістікке жетті. Қазір еліміз жыл сайын 70 млн тонна мұнай экспорттап отыр. Әрине біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Болашақта да өзара тиімді ынтымақтастық жалғаса береді.

Компания әлемдегі ең ірі мұнай-газ конденсаты кен орындарының бірі – Қарашығанақтың операторы саналады. Көмірсутегін өндіруден басқа, оларды әлемдік нарықтарға тасымалдау үшін инфрақұрылым құруға қосқан үлесі де зор деді Президент. Сонымен қатар компанияның әлеуметтік жауапкершілігіне де арнайы тоқталып, алғысын білдірді. Компания қызметкерлерінің 95 пайызы Қазақстан азаматтары.

Зои Юнович, Shell компаниясының барлау және өндіру жөніндегі директоры:

Қазақстан Орталық Азиядағы ең негізгі серіктесіміз десе болады. Ал көмірсутегі өндірушілерінің ішінде әлем бойынша ең ықпалды елдердің бірі. Мұнай-газ саласындағы әлеуеті әлі де көп. Сондықтан біз сіздермен тағы 30 жыл тіпті одан да ұзақ уақыт жұмыс істеуге мүдделіміз.

Жиын барысында Мемлекет басшысы компанияның бірқатар қызметкерін Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға сіңірген ерекше еңбегі үшін мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Оңғар Алпысбай


Хабарламаларға жазылу