Астанада волонтерлер азық-түлік себетін таратты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада волонтерлер азық-түлік себетін таратты

02.10.2023

Астанада мыңнан аса отбасына азық-түлік себеті таратылып жатыр. Бұл шара Қарттар күні мен Республика күніне орай ұйымдастырылған. Астана әкімдігі волонтерлермен бірге мұндай игі акцияларды тұрақты түрде өткізіп тұрады.

Қазыбек Әлімжановтың 8 баласы бар. Қала әкімдігі көпбалалы отбасын үнемі назардан тыс қалдырмай, қолдау көрсетіп келеді. Бүгін азық-түлік себеті берілді.

 Қазыбек Әлімжанов, көпбалалы әке:

Жылда жылда әкімшілік, спонсорлар келеді. Құрбан айтта да келді. Биыл көмір де береді деді.

Астанада 180 мыңға жуық аз қамтылған отбасы бар. Әкімдік тарапынан оларға түрлі көмек көрсетіліп тұрады. Бүгінгі акция - кезекті шараның бірі.

 Қуаныш Молдабек, Астана қаласы әкімінің кеңесшісі:

Жыл басынан бері бұл «Qazaq oil» компаниясымен бірлесе атқарып жатқан үшінші акция. Жыл соңына дейін жалғаса береді. Сондай-ақ осындай қайырымдылыққа бағытталған шараларға кәсіпкерлерді атсалысуға шақырамыз.

Азық-түлік себетінің салмағы 40 келі. Ішінде барлық қажетті тауарлар бар. Құны шамамен 35 000-40 000 теңге болады. 1000-нан аса отбасына осы қораптар таратылып жатыр.

 Олжас Хамитов, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері:

Жалпы еріктілерден 150-ден аса адам, Астана әкімдігінің қызметкерлері осы себетті жинады және алдағы аптада қала бойынша тарататын болады.

Волонтерлер әкімдік дайындаған тізім бойынша бірнеше күн аралығында азық-түлікті әр үйге апарып береді. Мұндай акциялар алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрмақ.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу