13 жаста: Азиадада еліміздің намысын қорғаған ең жас спортшы кім - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

13 жаста: Азиадада еліміздің намысын қорғаған ең жас спортшы кім

29.09.2023

Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында еліміздің атынан барған ең жас спортшы 13 жаста. Талдықорғандық Еркежан Сүлеймен көгалдағы хоккейден әйелдер құрамасында жартылай қорғаушы. Спорттың бұл түрімен айналысқанына 3 жылдан асыпты. Аз уақыт ішінде жасөспірім жақсы нәтиже көрсетіп, халықаралық додаларда Қазақстан намысын қорғап келеді.

Еркежан үш жыл бұрын осы спорт түрін таңдағанда, ата-ана баланың бетінен қақпады, белін буды. Енді, міне, нәтижесін мақтана айтып, спортшы қыздың аман оралуын тілеп отыр.

Тоғжан Нұрқасымова, Еркежанның анасы:

Біз бармаған жерлерге барып жүр. Ата-ананың сезімі қандай болады? Баласы атқа отырса, ата-анасы үйде тақымын қысады деп айтады ғой. Өте қобалжулымыз. Жеңіс тілеп отырамыз.

Қазір Еркежанның барлық туыстары тілекші болып отыр. Ата-әжелері де күнде бейнебайланысқа шығып, көңіл-күйін, жағдайын сұрап, демеп, марқайтып қояды. Еркежанды ұстаздары мен сыныптастары мақтан тұтады. Қала шетіндегі ауыл мектебін әлемге танытып, ел намысын қорғап жатқаны үлкен абырой.

Еркежан ойнайтын команданың Индонезия құрамасымен кездесуін сыныптастары онлайн көріп, қолдау көрсетті. Бұл кездесуде жерлестеріміз 2-1 есебімен жеңіске жетті.


Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу