Жетісу облысында сібір жарасының бірнеше ошағы анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында сібір жарасының бірнеше ошағы анықталды

27.09.2023

Жетісу облысында болса, кешенді тексеру барысында Сібір жарасының ошағы тіркелген қорымдар анықталды. Бір ғана Текелі қаласының аумағында тұрғын үйлерге жақын үш нысан табылды. Бұл жағдайды облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің жанынан құрылған еріктілер айтып, дабыл қаққан. Моноқалада қауіп бар ма? Өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы анықтап көрді.

Текелі қаласындағы үш ошақтың бірі дәл осы жерде тіркелген. Бұл жерде өткен ғасырдың 80-ші жылдарында сібір жарасынан ірі қара мал өлді деген ақпарат бар. Дәл сол ақпарат осы күнге дейін осы жерде тұратын тұрғындардың мазасын алуда.

Текелі қаласының тұрғыны Секербала Қошқарбаева бұл жерде елу жылдай тұрып жатқанын айтады. Дәл ошақ бар деген жерде тауық өсіріп келеді. Айтуынша осы уақытта ешқандай мал да адам да сырқаттанбаған. Ал құзырлы органдар орынсыз мазалап әлек.

Серкебала Қошқарбаева, Текелі қаласының тұрғыны:

Мен мал ұстап отырмын. Егер ауру ошағы осы жерде болатын болса, менің малдарым неге қырылып қалмайды? Құзырлы органдар жылына екі рет келіп, мазамды алады. 

Жалпы Текелі қаласында үш жерде Сібір жарасының ошағы болған деп тіркеуде тұр. Алайда ол аймақтарда ешқандай қауіп жоқ, дейді ветеринария саласының мамандары.

Ержан Омаров, Текелі қалалық аумақтық инспекциясының басшысы:

Бұл жерде мал өлгенімен, көмілмеген. Сондықтан бұл жерде ешқандай қауіп жоқ.

Жетісу облысында сібір жарасын жұқтырған малды көметін арнайы 134 орын бар. Бес жер талапқа сай емес деген қорытынды бар. Соның ішінде Текелі қаласындағы үш орын. Шаһарда ешқандай қауіп болмаса да тізімді қайта жаңарту үшін жергілікті билік тиісті шара қолданамыз деп отыр.


Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу