Жамбылдық шаруалардың малдары жаппай жұмбақ өлімнен қырылып жатыр. Талас ауданы, Майтөбе ауылында бір айдан бері сиыр мен қой арам қатуда. Тұрғындардың айтуынша, әсіресе, іріқараның ыстығы көтеріліп, қан аралас зәр шығару арқылы сұлайды екен. Қазір жайылым жерлерде теңкиіп жатқан тұяқтылардың тұлыбынан көз сүрінеді. Ауылдықтар өлген сиыр саны 30-дан асып, қой 100-ге жуықтағанын айтады. Малымыздын айырылдық деген ел аудан атқамінерлері жағдайды жасырып отырғанына шағымданды. Ал ветеринар мамандардың қолынан келер қауқар жоқ. Бір қызығы аты белгісіз ауру осыдан 3 жыл бұрын да шыққан екен. Сондықтан, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмей, жұмбақ ауру тағы қайталанды деп топшылайды.
Бақытжан Туғаналиев, Майтөбе ауылының тұрғыны:
30 сиырдың 28-і өлді. Жайылымда қалған малдың барлығы қырылып қалған. 3-4 жыл бұрын қатты айқай болған. Анау жерде мал өліп жатады, 100 метр жерде тағы бір мал өліп жатыр. Тегіс бір жайылым уланған. Бір малдың дәрісі 50 мыңға дейін барады, дегенмен одан пайда жоқ.
Рима Әбдиева, Майтөбе ауылының тұрғыны:
Білмей, байқамай қалып, сауып ішіп жатқандар др бар. Ертең ішкеннен кейін адамдар ауырмай ма, біз қалай үндемей отырамыз? Дизенфекция жасамаса болмайды, бұл кене арқылы да келуі мүмкін, шөп-су арқылы да келуі мүмкін
Майтөбеліктердің басым бөлігі ашатұяқтыларды несиеге сатып алған. Ал малға жауапты мамандар сиырлардың сұлап, қойлардың қырылуын «сары аурудан» болуы мүмкін деп болжайды. Енді ауруды анықтай алмай басы қатқан басқарма талдамаларды Алматыға жіберіпті.
Жарқын Қалмаханов, Талас аудандық ветеринариялық станцияның директоры:
Менің тұжырымымда бұл лептоспироз, ол дегеніміз – сары безгек. Жамбыл облыстық ветеринарлық лабораториясына жібереміз. Олар жоқ деп береді. Біз қандай диагноз қоярымызды білмей отырмыз. Ал енді референт центр дәрі-дәрмек салынбасын, сол кезде анықталады дейді.