ХХІ ғасыр дерті: Цифрлық аутизм - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ХХІ ғасыр дерті: Цифрлық аутизм

24.09.2023

Бұған дейін «Аптадан» аутизм дертіне шалдыққан балалардың мәселесін көтерген едік. Статистикаға сенсек Қазақстанда аутизмге ұшыраған 12 мыңнан астам бала бар. Біз ата-аналармен, мамандармен тілдестік. Инклюзия орталықтарның кенже қалғанын, мемлекеттен берілетін жәрдемақының мардымсыз екендігін де айттық.

Әрі бұл әлі күнге себебі де, емі де табылмаған ауру екенін ескерсек мәселе шынында да күрделі.

Ал соңғы уақытта «Цифрлық аутизм» деген «сырқат» пайда болды. Әлемде бұл дерт жайлы айтылып жүргеніне 10 жылдай болыпты. Ол балалар сөйлей алмайды, ойын жеткізе алмайды. Тіпті, қатарларымен ойнай да алмайды.

Бақытгүл Насеридинқызы, психолог, логопед:

Осыдан 15 жыл бұрын бұндай дүниені мүлдем естіген жоқпыз. Біз студент кезде іс-тәжірибеден өткен кезде мұндай балалар ды біз көрмейтін де едік. Тек Астана емес бізде бүкіл Қазақстан бойынша келеді күніне 70-75 бала келеді. Өзі тұрақты келіп отыратын балалар.

Мамандар мұның себебін телефон, планшет секілді гаджеттерден көреді.

Балабек Сақтағанов, психология ғылымдарының докторы, профессор:

Виртуалды өтіп кеткен балалар оларда физиологиялық тұрғыда көруі нашарлайды, дене тұрғысы дұрыс қалыптаспайды. Бала дайын нәрсені көріп отырады. Ойланбайды. Ойланбағаннан кейін оларда логикалық ойлау, аналитикалық ойлау бұлардың бәрі дамымайды. Адамдарды бірте-бірте түкбілместікке алып келеді. 

Осыдан 5 жыл бұрын АҚШ Үкіметі бір қызық эксперимент бастаған. Оған елдің әр түкпірінен 9-10 жас шамасындағы 11 мың бала қатысады. Ұлттық денсаулық институтының ғалымдары осылайша гаджеттердің жас ағзаға зиянын анықтағысы келеді.

Құны 300 миллион доллар болатын сынақ 10 жылға жоспарланған. Әзірге белгілісі мынау: 4500 баланы тексерген. Сөйтсе, 7 сағаттан артық телефонға телмірген жасөспірімнің ми қыртысы жұқарған. Әдетте бұл егде жастағы адамдарда болатын құбылыс.

Сонда «Цифрлық аутизм»-ді дерт деп сенімді түрде айта аламыз ба? Жалпы, бұл термин қайдан шықты? Баланың телефонға тәуелділігі неге әкеліп соғады? Қазақстандық дәрігерлер не дейді? Елдос Есенбол жауап іздеді.

Елдос Есенбол, тілші:

Цифрлық аутизм. Ағылшын тілінде «virtual autism» деп келеді. Бұл термин 2013 жылы пайда болды. 10 жылға жуық аутист балалармен жұмыс істеген румын психологы Мариус Теадор Замфир алғаш қолданған. Кейін Франция, Жапония, АҚШ, Тайланд, Тунис дәрігерлері де румын маманына ұқсас пікір білдіреді. Яғни тәулігіне 4 сағаттан артық телефон қараған баланың бойында аутизмнің белгілері пайда болады дейді.

Бірақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Цифрлық аутизм» деген дертті растамаған. Мұндай сырқатты Аурулардың халықаралық тізімінен де таппайсыз.

«Цифрлық аутизм» терминінің шығу төркіні де осында дейді мамандар. Яғни сипаттамасы шынайы аутизмнің белгілеріне ұқсайды.

- Бала ата-анамен тактилді байланысқа түспейді;

- Үш жасқа дейін сөйлемейді;

- Жалғыздықты жақсы көреді;

- Қоршаған ортамен байланысудан бас тартады;

- Оғаш қимылдар жасайды;

Бақытгүл Насеридинқызы, психолог, логопед:

Бала дүниеге келгеннен кейін 3 жасқа дейін ойлауы дамиды, сөйлеуі дамиды. Бала сұрақ қойғысы келеді, сөйлегісі келеді. Бірақ оған жауап беретін тек қана телевизор, телефон.

Ата-ана көбіне баласы үш жасқа жеткенде барып дабыл қағады. «Тілі кеш шықты, атын атасаң қарамайды» деп шағымданады дейді логопед маман. Егер бала үш жасқа дейін телефонмен өссе, ол адамның үніне емес, гаджеттердің дыбысына ғана машықтанады екен.

Баянгүл Әлиева, Астана қаласы «Қарлығаш» балабақшасының қазақ тілі пәні мұғалімі:

Үш жастағы келген балалар көбісі анық емес тілдері. Өздерінің аттарын да нақты дұрыс айта алмайды. Балаларды бақылап отсаңыз бір-бірімен тіл табысып ойнай алмайды. Өйткені олар үйінде оны істемейді.

Медина биыл бірінші сыныпқа барды. Сабағын өте жақсы оқиды. Достары да көп. Дегенмен, өзге қатарластары секілді телефондағы қызыл-жасыл ойынға қызығушылығы да бар. Тик-ток та түсіреді. Анасын алаңдататыны да осы.

Шолпан Шадаева, Астана қаласының тұрғыны:

Біріншіде өздерінің мінездерін көрсетіп бастайды. Телефон бермесең тамақ ішпеймін деген сияқты. Сурет саламыз немесе «Медина жүр бірге ойнаймыз» деп көңілдерін аудару арқылы аламыз.

«Тіпті 3 жасар қызым да телефоннан мультфильмді өзі қосып алады» дейді Шолпан. Бірақ бәрі гаджеттердің тек зиян жағын ғана көретінін айтады.

Шолпан Шадаева, Астана қаласының тұрғыны:

Менің қызым бірінші класқа бармай жатып 3 тілді еркін меңгерді десем де болады. Мысалы жаңағы санауды, әріпті, әртүрлі түстерді үш тілде еркін айтып үлгерді десем де болады осы планшет арқылы.

Алайда дәрігерлер үш жасқа дейін бала сөйлеуді, жүруді, қарым-қатынасты үйренсе жеткілікті дейді. Ал әлеуметтік желідегі артық ақпаратпен жас миды толтырудың салдары ауыр екенін айтады.

Әсел Аралбаева, невролог:

Бала көп уақыт сол жерде өткізгендіктен ол балада организмде дофомин дейтін нейромедиатор бөлінеді. Ақпаратты қабылдағанда рақат алады содан бала. Сүйтіп ол әдетке айналады, әдеттен тәуелділікке алып келеді.

Ата-аналардың басым көпшілігі уақыттың тығыздығынан телефон беруге мәжбүрміз деп ақталады. Бірақ бұл қоғамда қалыптасқан таптаурын түсінік дейді психолог Балабек Сақтағанов. Әрі ересектердің өзінде телефонға тәуелділік бары жасырын емес.

Балабек Сақтағанов, психология ғылымдарының докторы, профессор:

Соңғы 3-4 жылда өте көп келеді ата-аналар. Балаларды алып. 15 жасар балалар, 14 жасар балалар, 8 жасар балалар. Бір өзі қалуға қорқады, адамдармен араласпайды. Тамаққа аппетиті жоқ.

Егер осындай сипаттағы балалармен дер уағында жұмыс істемесе...

Балабек Сақтағанов, психология ғылымдарының докторы, профессор:

Ол балаларда ересек болғанда фрустрация пайда болады. Фрустрация деген ол іштей өз-өзіне ренжу, іштей айналадағы қоғамға ренжу. Егер ол фрустрация жалғаса беретін стресске түседі, стресс дер уақытында анықтап емделмесе депрессияға әкеледі. Депрессияның аяғы қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады.

Мүмкін бұл мәселенің бір шешімі темірдей тәртіп шығар? Мысалы, Қытай мектептері 1 сыныптан мектеп бітіргенше шейін балаға телефон ұстатпайды. Ұстаздары жинап алады. Ата-ана да мейлінше баланың бос уақыты қалмауын қадағалауға тырысады.

Лю Мен Ге, Хубэй университетінің студенті:

Ата-анам маған телефон алып берсе де, күнделікті қарап отыруға қолыма бермейтін. Тек демалыс кезінде рұқсат ететін. Сенбі ,жексенбі күні де сабақ оқитынбыз. Ал сыртқа тек спортқа қатысты іс шаралар болса ғана шығуға рұқсат беретін. Қазір де сол әдет қалыптасқан.Жоспармен оқуымды оқимын ,одан кейін ғана телефонға қараймын.

Ал қазақстандық мамандар телефон қараған баланың бойынан қандай да бір кемшілікті байқасаңыз, дереу дәрігер көмегіне жүгіңіз дейді.

Бақытгүл Насеридинқызы, психолог, логопед:

Невропотолгқа бару керек. Толыққанды зерттеп баланы педагогикаға алып келу керек. Педагогика саласында өзі мамандар диагностика жасайды. Кейбір балаларға психолог, деффектологтан бастау керек болады, кейбір балаларға бейімделген спорт, АФК маманымен жұмыс жасау керек.

Бұрын 2 жарым жастан кейін жұмыс істейтінбіз, қазір 1 жастан да бастай береміз дейді логопед мамандар. Ал ең дұрысы: ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу.

Әсел Аралбаева, невролог:

Алғашқы жылдары балада 2-3 жасқа дейін гаджеттерді тежеу керек. Тіпті көрсетпеу керек. Одан кейін 5 жасқа толған кезде келісімге келіп смартфонды күніне 3 мезгіл 15 минуттан беруге болады.

Тағы бір кеңес: ұйықтардан 1 сағат бұрын мүлдем гаджет қарамаған абзал. Себебі әртүрлі сигналдар баланың сенсорлық жүйесін қоздырып, ұйқысын бұзады. Жалпы, баланың қолынан телефонды тартып алып қою мәселенің шешімі емес.

Бақытгүл Насеридинқызы, психолог, логопед:

Телефонды алып қойыңызшы олардың мінез-құлқы бұзылады. Қазіргі уақытта үлкен қалаларда қай мектептерде болса да көптеген тегін үйірмелер бар. Ата-аналардың өкінішке орай қазір оған мүмкіндігі бар бірақ жалқаулығы жібермейді.

Яғни, момын баланы футбол, волейбол, баскетбол секілді командалық үйірмелерге берген жөн. Ал, гипербелсенді бүлдіршіндерді миды тынықтыратын шахмат, суда жүзуге қатыстырса болады. Баланың энергиясын дұрыс бағытқа жұмсауды үйрену керек дейді психологтар. Тағы да мамандардың кеңесіне жүгінсек, ата-ананың баламен өткізген уақытының көлемінен бұрын, сапасы маңызды. Әрі кез келген жастағы адамға ең керегі тек махаббат пен мейірім екенін бәрі біледі...

Елдос Есенбол

Хабарламаларға жазылу