Шымкентте бес адамның өліміне себепші болған автобус жүргізушісіне қатысты сот басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте бес адамның өліміне себепші болған автобус жүргізушісіне қатысты сот басталды

21.09.2023

Шымкентте автобусты қараусыз қалдырып, бес адамның өліміне себепші болған жүргізушіге қатысты сот отырысы басталды. Атышулы процеске марқұмның ата-аналары мен жақындары қатысып жатыр. Олар автобусты жол бойында қалдырған жүргізуші  лайықты жазасын алсын дейді, әрі ақауы бар көлікті бағытқа шығарған автобус паркін кінәлап отыр.

Мынау апат болған кезде түсірілген видео. Биыл 8 сәуірде жүргізуші соңғы аялдамаға жеткеннен соң, автобусты қараусыз қалдырып, сыртқа шығып кеткен. Басқарусыз көлік ылдиға қарай жүріп кетіп, жолдың қарсы бетінде тұрған бірнеше адамды таптап өткен болатын. Салдарынан, 3 адам сол жерде тіл тартпай кетті. Тағы екі оқушы аурханада жан тапсырды.

Осы жантүршігерлік оқиғадан соң, 5 ай тергеу жүріп, жүргізушіге жол ережесін бұзды және көлік басқару кезінде адам өліміне себепші болды деген айып тағылған. Айыпталушы сот барысында өз кінәсін мойындап, болған іске өкінетінін айтты. 49 жастағы азамат, 5 баланың әкесі өзін видеоға түсіргенін қаламады. Ал қорғаушысы тергеудің дұрыс жүрмегенін айтады. Адвокаттың айтуынша, жүргізуші сол күні өзіне бекітілмеген басқа көлікке отырған. Және бағытқа шығар алдында автобусқа техникалық байқау дұрыс жүргізілмеген. 

Бақытжан Сатыбалдиев, сотталушының адвокаты:

Меніңше, сараптама дұрыс жүргізілмеген. Бұл жерде автопарктің де кінәсі бар. Егер көліктің ақауы болса алдын ала тексереліп шығу керек. Екіншіден, Юлдашевтың айтуынша ежегішті тартып қойған. Тек содан кейін әжетханаға кеткен кезде өз бағытымен кетіп қалған.

Иә, жантүршігерлік апаттан көз жұмған 5 адамның жақындары автопарк басшылығымен қоса автобус жүргізушісін кінәлайды. Апатта жан тапсырған 28 жастағы Айзада Тоғатаеваның анасымен тілшіміз тілдескен еді.

Алтынай Тоғатаева, марқұм Айзада Тоғатаеваның анасы:

Мен бұл жерде жүргізушінің кінәсі деп ойлаймын. Рычагты қойып, адам сияқты істеуі керек еді. Жалғыз асырушым, қызым кетті, Ана, уайымдама бәрі жақсы болады, босқа қан қысымыңыз көтеріліп кетеді деп қас қабағыма қарап отырған қызым еді.

Автобус паркі қара жамылған отбасының әрқайсысына 5 миллион теңгеден бергенін де айта кетейік. Ал, жүргізушінің айыбы дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Хабарламаларға жазылу