Ақтөбе тұрғындары нашақорлардан қорқып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе тұрғындары нашақорлардан қорқып отыр

21.09.2023

Есірткіге еліткендер есімізді шығарды. Ақтөбенің Сазды өзенін жағалай қоныстанған тұрғындар осылай деп шағымданды.

Айтуларынша 700-ге жуық үйі бар елдімекеннің қақ ортасынан наркологиялық есепте тұрғандарды емдеуге арналған орталық ашылған. Енді мұндағы жұрт балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдап отыр. Өйткені нашақорлар ауыл ішінде көп жүреді дейді.

Жақсыбек Кемал,тілші:

Менің артымда тұрған мына қызыл үй тұрғындардың қорқынышына айналған. Себебі бұл жерден наркологиялық есепте тұрғандарды емдеуге арналған орталық ашылған. Ал қарсы бетте балалар алаңы орналасқан. Сондықтан тұрғындар мекемені басқа жаққа көшіруді талап етіп отыр. 

Бұл екі қабатты үй жекеменшік медицина мекемесіне жалға берілген. Тұрғындар соңғы кезде ауданымыз жын-ойнаққа айналды, есірткіге еліткендер толып жүр дейді. Сондықтан балаларды үлкендердің қарауынсыз далаға шығарудан қалған. 


Нұржамал Хасанова, қала тұрғыны:

Балалар қоқыстың ішін аралайды. Ішінен жас балалар да, үлкен кісілер де шығады. Кіреді, егіледі ме, әйтеуір таңғы 5-6-да шығады .Түнде де жүреді. Үйде балалар, немерелерім бар, мен қорқамын.

Тұрғындар нашақорлардың теріс әрекетін бірнеше мәрте камераға түсіріп алып, полицияға шағым түсірген. Ал тұрғындармен кездесуге келген мекеме басшыларының бірі «Біз ресми ашылған жоқпыз, ашылған күннің өзінде тек психологиялық көмек көрсетеміз» деген уәж айтты. Бірақ, тұрғындардың оған сенгісі жоқ. Өйткені мекемеге адамдардың көптеп кіріп-шығып жүргенін көріп жүрміз дейді.

Дүние Әлиев, қала тұрғыны:

Үш күн бойы ұйықтамадым. Түнде көлікпен келеді, жаяу да жүреді. Тіпті біреулерінің шприц тыққан жерді телефон арқылы тапқанын көрдім. Мен суретке түсіріп, полицияға жолдадым. Бұл аумаққа күзет керек.

Жалға берілген үйде бүгін ешкім болмады. Тұрғындар тілшілердің келетінін білгендіктен, есіктері тарс жабулы дейді. Орталықты енді полиция тексермек.

Әбдіқасым Жамалов, Астана аудандық №2 полиция бөлімінің учаскелік инспекторы:

Ақпарат келіп түсті. Тексерудеміз. Тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қағаздарын жібердік. Халықты жинап, сол жерде шешім қабылдаймыз. Осылардың арасынан бір өкіл шақырамыз.

Мекеме басшылығы тұрғындар шағымынан кейін мекенжайларын өзгертуге қарсы емес. Дегенмен алдымен заңды құжаттарын рәсімдеп, тексеріс қорытындысын күтулері тиіс


Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу