Түркістанда тұрғындар жуынуға қорқып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда тұрғындар жуынуға қорқып отыр

11.08.2022

Бір ай бұрынғы қайғылы жағдайдан соң Тұрсынай Әлімбекова суға түсуден қорқады. 18-ші үйде болған, соңы адам өліміне соқтырған жәйттен соң жауапты мекемеге хабарласып, ваннаның астындағы электр сымын токтан ажыратуды сұраған. Мамандар келгенше жуынуға жүрегім дауаламады деп отыр .

Тұрсынай Әлімбекова, Түркістан қаласының тұрғыны:

Негізі бұны алдырып тастау керек, қауіпті деп айтып жатыр қазір енді. Сол электрик шақыртып алдыртамыз. Бұдан кейін әрине қорқамыз. Мен қазір енді мысалы балаларымды түсірмеймін. Өйткені қазір мынаны естігеннен кейін жолатпаймын.

«Отырар» мөлтекауданында тұратын тағы бір тұрғын осындай электр сымын жуырда қидырып тастағанын айтады. Бұған дейін оны су жылытқыш құрылғының сымы деп ойлағандықтан қауіпті екеніне мән бермепті. Әрі бұл сымнан қазір тұрғындар әбден үрейленіп қалған деп отыр.

Балайым Махамбетәлиева, Түркістан қаласының тұрғыны:

Қызым екеуміз-ақ тұрамыз бұл жерде. Кейде есік іліп аламыз. Менің қызым мүгедектігі бар, сөйлей алмайды. Тілі жоқ, аузы жоқ, жүре алмайды. Сосын мен қорықтым. Ал мен бұл жерде өліп жатсам, қызым ар жақта жатса, не болады жағдайым? Есігім ілік болса деп. Содан кейін есікті де ашып қоятын болдық. Қызымды да алаңдап отырам.

Электр тогы соғып, қаза тапқан әйелдің пәтері жабық тұр. Осы жағдайдан кейін оқиға орнына қала басшылығы мен жауапты мекеме өкілдері барған. Бірақ не себепті ток соққанын нақты анықтай алмадық дейді. Құрылыс бөлімінің мамандары электр желілерін тартуда кемшіліктер болғанын жоққа шығармайды.

Алмас Байжанов, Түркістан қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

Бұл мәселе арада үш жыл өтіп, содан кейін анықталып отыр. Мысалы ваннаның астындағы ток деп жатыр. Егер де заземление деген нәрсе болады. Кез келген метал нәрседен, судан ток қашатын болса, сол ваннаға түседі. Сол ваннадан астындағы кабель арқылы тартып кетуі керек. Мәселені осы айдың ішінде реттейміз.

Мамандар ол сымнан ток жүрмейді деген уәж айтады. Кей жағдайда адами фактор да себеп болуы мүмкін екенін алға тартады. Қалай болғанда да арнайы сараптама жүргізіп, тексеруді қолға алатын болды. Мердігер тарапынан қателіктер кетсе, бес жылға дейін түзетуге міндеттелген деп отыр.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу