Ақтөбе облысының тұрғындары жарық пен суға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысының тұрғындары жарық пен суға жарымай отыр

06.06.2023

Ақтөбе қаласына қарасты «Бауырластар» елді мекеніндегі екі жүзге жуық үй аптап ыстықта сусыз отыр. Тұрғындар тіршілік нәрін кәріз суына арналған құдыққа толтырып алып қолдануға мәжбүр. Ауылда жол мен көгілдір отын мәселесі де шешілмеген.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл елдімекенде құрылысы басталып, аяқсыз қалған үйлер өте көп.Өйткені инженерлік желілер тартылмаған. Жарық пен газды айтпағанның өзінде тұрғындар суды мынадай бөшкелерге жинап қолдануға мәжбүр.

Тұрғындар суды алыстан тасып ішеді. Ал көлігі жоқтарға тіпті қиын. Амалдың жоқтығынан көбі осылай, кәріз құдығына арналған құдыққа құйғызып алып, содан пайдаланады. Оны өзі ұзақ сақтауға келмейді.

Аязби Оңғарбаев, тұрғын:

Ойбай, суың не айналайын-ау, су, газ, жарық – барлығы проблема бұл арада. Ең аяғы біреуге қарап, әңгіме айту да проблема. Мынау, мысалы, кәіріз құдығы, соны уақытша пайдаланбағаннан кейін суды уақытша құйып қойып, осыдан ішіп отырмыз.

Мұндағы тұрғындар кәріз құдығын азық-түлік сақтайтын тоңазытқыш ретінде де қолданады. Өйтпеске амал жоқ. Шалқар ауданынан көшіп келген Аболла Еламанов мұндағы жағдай ауылдағыдан да нашар болып шықты деп налиды. Былтыр ол әкімдіктің жуық арада инженерлік желілер қосылады деген уәдесіне сеніп, үйіне күрделі жөндеу жасатқан. Алайда ол уәде орындалмай қыруар қаржысы желге ұшты.

Абдолла Еламанов, тұрғын:

Жылу болмағасын қысты күні салқын температурада мына молдингтер бар, багеттер бар – бәрі көтеріліп, ламинатым көтеріліп, шығынға ұшырап жатырмын. Мұның өзіне қазір қайтадан жөндеу үшін ақша керек. Бір миллионның үстінде кетуі мүмкін. Есептеп көрген жоқпыз әлі.

Бауырластар-5 деп аталатын бұл аумақтан тұрғындарға 2000-нан аса жер телімі берілген. Алғашқылары 4 жыл бұрын қоныстана бастады. Ондаған тұрғын қыста үйлеріне ошақ салып алып жан бақты. Жарықты генератор көмегімен пайдаланады. Ал әкімдік өкілдерінің айтуынша елдімекенге газ құбыры тартылған. Алайда оны іске қосу үшін электр энергиясы керек. Ал су мәселесі тағы 2-3 жылсыз шешілмейді.

Айбек Көпенов, Астана ауданының әкімі:

Негізгі елдімекендерде су көзі тапшы. Жалпы бұл мәселенің шешімі енді «Құдақтықыр-Моисеевка» деген су қорын тарут жобасын тарту жүргізіліп жатыр. Бұл үлкен жоба. Сондықтан осы жоба қолға алынып, аяқталса сумен қамтамасыз ету толықтай шешіледі.

Қала іргесінде суға жарымай отырған осындай бірнеше елдімекен бар. Кенезесі кепкен жұрт мәселені созбаққа салмай тез шешілгенін қалайды. Өйткені өз үйлері бола тұра тұрғындардың дені қалада пәтер жағалап жүруге мәжбүр.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу