Елордада 56 мыңнан астам адам сенбілікке шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада 56 мыңнан астам адам сенбілікке шықты

16.09.2023

Елордада 56 мыңнан астам адам жалпыхалықтық сенбілікке шықты. Шара «Жасыл Астана» күзгі экологиялық айлығы аясында өтіп жатыр. Оған қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандары мен елімізге танымал бірқатар спортшы үлестерін қосты. Олар «Ғашықтар» саябағын тазалады. «Тазалықты өзіңнен баста» ұранымен өткен шара жайлы алдағы материалда.

Таңсәріден жиналған спорт саласының мамандары сенбілікке кіріспес бұрын, бой сергітіп таңғы жаттығу жасады.

Қаланың тазалығы мен қоғамдық өміріне бей-жай қарамаймыз деген азаматтардың бірі қоқыс жинап, енді бірі шашылған жерді сыпырып жүр. Барлығы өз еркімен келген. Мақсат: қоршаған ортаны қорғап, тазалықты сақтау проблемасына жұртшылықтың назарын аудару. Сонымен бірге, жұрт арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, дейді қатысушылар.

Еркеғали Қарбозов, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

Қазақстан спортшылар одағы бар одан соң өзіміздің атақты спортшыларымыз Ләззат Күнгейбай бар, Ақмарал Науатбек бар, Сергей Цырульниковты көріп тұрсыздар. Сол сияқты біраз спортшыларымыз атсалысып, келіп отыр. Осыдан 10-15 жыл бұрын Еуропаға барғанда өзіміз соларға қызығатынбыз қандай қалалары таза деп. Дәп сондай тазалықты өзіміз Астанадан көріп қуанып отырмыз.

Сенбілікке пара дзюдодан екі дүркін әлем чемпионы Ақмарал Науатбек те қатысты. Жақында татами шебері Қытайдағы төртінші пара Азия ойындарында ел намысын қорғайды. Ол жаттығудан, жарыстардан бос уақыты болғанда осындай қоғамдық жұмыстарға атсалуға тырысамын, дейді. Бұл биылдыққа қатысып тұрған екінші сенбілігі екен. Бұған дейін қаладағы «Көктал» саябағын тазалауға көмектесіпті.

Ақмарал Науатбек, пара дзюдодан екі дүркін Әлем чемпионы:

Өкінішке қарай, уақыт көп болмайды. Сондықтан, бос уақыт болып тұрғанда қаланың тазалығына бір үлесімді қосқым келеді. Себебі біздің Астана өте әдемі қала және таза болғанын қалаймын. Қазіргі таңда Астана қаласында халық өте көп. Көбісі көшіп келеді және де өздерінің мәдениеттілігін көрсетсе деп ойлаймын қаланы таза ұстап.

Қалада сенбілік жиі, тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Ал «Жасыл Астана» күзгі экологиялық айлығы 14 қазанға дейін жалғасады. Қала тұрғындары сағат 12-ге дейін 110 тоннаға жуық қоқыс шығарған. Одан бөлек, 1200 жасыл желек отырғылды.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу