Төлеген Мұхамеджанов: Ұлттық арна - жастарға оң тәрбие құралына айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төлеген Мұхамеджанов: Ұлттық арна - жастарға оң тәрбие құралына айналды

16.09.2023

«Ұлттық арна - жастарға оң тәрбие құралына айналды». Белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұхамеджанов осындай пікір білдірді. Жалпы, жаңа маусымда Ұлттық арна –ұлттық жобаларға басымдық берген. Бұрыннан көрерменнің ықыласына бөленген бағдарламалар эфирде қалды ма? Тағы қандай ауқымды жобалалар бар?

Жаңа маусымда Ұлттық арнадан «Алтын қақпа» викториналық телесайысы, дәстүрлі әнші, күйші, термешілердің қатысуымен өтетін «Інжу-Маржан» жобасы, «Мергендер мекені» телевизиялық садақшылар сайысы, қазақ жырларының тарихын жеткізуге бағытталған «Жыр-аманат», ұлттық тағамдар тарихын көрсететін «Дала дәмі», Алаш тақырыбындағы теледәрістер топтамасынан тұратын «Ашық академия» жобалары эфирге шығады.

Әр жобаның ауқымы кең. Мысалға, «Мергендер мекені» ұлттық реалити жобасында еліміздің барлық аймағынан 2 мыңнан астам кәсіби және әуесқой садақшы бақ сынап, жеңімпаз демеушілер есебінен бағалы сыйлық иеленді.

«Qazaqstan» арнасының ақпараттық, қоғамдық-саяси бағыттағы «Aqparat», «Apta», «Ашық алаң», «Аqorda», «Жедел желі», «Бас тақырып», «1001 түн», «Әйел әлемі», «Өмір көркем», «Теледәрігер», «Ақсауыт», «Парасат майданы» және «Таңшолпан» таңғы ақпараттық-сазды бағдарламасы мен «Qazaqstan дауысы» мегажобасы жаңа маусымда да жалғасады.

Телехикаялар ішінде Қазақ телевизиясының 65 жылдығына арналған «Парыз», ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ мәдениеті мен руханиятының даму дәуірін суреттейтін «Ерте көктем», түркі халықтарына ортақ тұлға Қорқыт атаның өміріне арналған «Қорқыт» тарихи сериалдары бар.

Ал 21 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында корпорацияның «Міржақып. Оян, қазақ!» толықметражды фильмі прокатқа шығады. Ал Диджитал бағытында бұл маусымның басты оқиғасы – жақын күндері Корпорацияның «Birge» деп аталатын онлайн кинотеатры іске қосылады.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу