Алматы облысында «Егістіктен сөреге дейін» жобасы қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында «Егістіктен сөреге дейін» жобасы қолға алынды

22.09.2020

Алматы облысында «Егістіктен сөреге дейін» атты жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы қолға алынды. Президент Жолдауы аясында қолға алынған пилоттық жобаға республикалық бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлініп, шаруаларға 0,01 пайызбен екі ай мерзімге несие беріле бастады. Мұндағы мақсат - өнім жинау науқанында ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қолдау көрсету. 

 Қызылағаштық Александр Квитко биыл 57 гектар жерге қант қызылшасын септі. Өнімін шашау шығармай жинап алу мақсатында 14 млн теңге көлемінде ешқандай кепілдіксіз жеңілдетілген несие алды. Бұл қаржымен алқапта өнім жинайтын жұмысшылар және оны зауытқа жеткізіп беретін көлік жүргізушілерімен есеп айырыспақ. Несиені тауарды өткізген соң берілетін мемлекеттік субсидия есебінен қайтармақ. 

Александр Квитко, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Ауа райы қолайлы болса қазан айының бірінен өнімді зауытқа таси бастаймыз. Жеткізген өнімге акт толтырып, субсидияға сұрау саламыз. Бір тоннасына 10 мың теңге субсидия беріледі. Бір ай ішінде 1,5 мың тонна жинап үлгерсек, несиеден құтыламыз деп ойлаймын.

Жеңілдетілген несиені 40-қа тарта шаруа рәсімдеп үлгерді. Берешекті қайтару мерзімі тым қысқа болса да бәрі тәуекелге бел буып отыр. Ал уақытылы қайтара алмай қалған жағдайда қаржы келісімшартта қарастырылған талаптармен өндірілмек. Қаржы институты төрт жылдан бері дәл осындай әдіспен қызылша тұқымын таратып есеп айырысып келеді. 

Альмира Ибраимова, «Жетісу» ӘКК басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Біз жылда тұқымды алып үлестіреміз. Көктемде үлестіреміз шаруа қожалықтарға. Күзде өнімнен өндіріп аламыз. Өнімін алмай қалды, су болмай қалды, ауыл шаруашылығы болғаннан кейін сондай жағдайлар болады. Олармен сот арқылы шешімін тауып жүрміз. 

Бұл жобаның тағы бір көздегені - өңірде бағаның өсуіне жол бермеу. Бағдарлама шаруаның өнімін делдалсыз дүкен сөресіне тікелей жеткізуді көздейді. 

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Жетісулық шаруалар 16 мың гектар алқапқа қант қызылшасын септі. Биылғы қуаңшылыққа қарамастан олар 500 мың тоннадай өнім алуға ниетті. Қызылша жинау науқаны өңірде осы айдың соңында басталады.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу