Президент «ЭКСПО Орталық Азия – 2023» көрмесіне барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент «ЭКСПО Орталық Азия – 2023» көрмесіне барды

15.09.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға Қазақстанның атынан мектеп оқушыларына арналған автобус пен өкпені емдеуге арналған 3 медициналық жабдық сыйлады. Отандық кәсіпорындардың бұл өнімдері Душанбеде Орталық Азия тауар өндірушілерінің көрмесіне қойылған еді. Шара аймақ мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуіне орай ұйымдастырылды. Мемлекеттердің экономикалық жетістіктерін танытатын ұлттық павильондарды Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Әзербайжан президенттері аралап көрді.

Бұл – виброакустикалық толқын арқылы өкпені емдеуге арналған таза қазақстандық медициналық аппарат. Оның көмегімен пульмонология аурулары бойынша түскен науқастардың өкпесінен қақырықты шығаруға болады. Бүгінде бұл аппаратты Қазақстанның, Ресейдің, Өзбекстанның, Беларусьтің, Панаманың, Біріккен Араб Әмірліктерінің және Сингапурдың жетекші клиникалары сатып алған.

Қазақстанның ұлттық павильонында металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, құрылыс индустриясы және басқа да салалар бойынша 130-дан астам кәсіпорынның өнімдері қойылды. Оның ішінде отандық өндірушілер шығарған 40-тан астам көлік түрі де болды.


Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу