Бокстан ұлттық құрама Азия ойындары алдындағы соңғы оқу жаттығу жиындарына кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бокстан ұлттық құрама Азия ойындары алдындағы соңғы оқу жаттығу жиындарына кірісті

14.09.2023

Бокстан еліміздің ұлттық құрама командасы Азия ойындары алдындағы соңғы оқу жаттығу жиындарына кірісті. Қытайда өтетін байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын 7 былғары қолғап шебері спорттық дайындықтан соң қазір қарсыласқа қарай тактикалық айла-әдістерін пысықтап жатыр.

Рингте қатарынан тоқтаусыз үш қарсыласпен жұдырықтасып біте сала Махмұд Сабырхан бапкердің айтуымен қайта жаттығуға кірісті. Күндегі кесте осы. Бұған дейін Алматы маңында жалпы физикалық күш-қайратын шыңдаған спортшы енді осылай бұлшық еттерін шынықтыруда. Биыл әлем чемпионы атанған былғары қолғап шебері Азия ойындарына алғаш рет қатысқалы отыр.

Махмұд Сабырхан, бокстан әлем чемпионы:

54 келіде бокстасып жүрген болатынмын. Қазір 57 келіге ауыстым. Физикалық күш жинап, салмақ қосып, күшке жұмыс жасап жатырмын. Ендігі мақсат жолдама алып, Олимпиада чемпионы атану.

Махмұдпен бірге ұлттық құрама сапына енген Сәкен Бибосынов, Ертуған Зинулин, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай, Сағындық Тоғанбай және ауыр салмақта жұдырықтасатын Қамшыбек Қоңқабаев та қазір жаттығуларын барынша ширата түскен. Олармен оннан астам бапкер мен 62 спортшы бірге жаттығуда.

Мырзағали Айтжанов, бокстан ұлттық құрама команданың бас бапкері:

Жеті боксшымызды жақсылап дайындау мақсатында оларға әр облыстан жақсы қарсыластарды жинадық. Соларға ұқсас, шетелдік қарсыластарына арнайы дайындық мақсатында айла-тәсіл, шеберлік шыңдай жұмысы атқарылып жатыр.

Азия ойындарында еліміздің туын ұстап шығу бұл жолы Асланбек Шымбергеновке сеніп тапсырылды. Отыз жастағы былғары қолғап шебері Азия ойындарының рингіне осымен екінші рет шықпақ. Ол төрт жыл бұрынғы сайыстан күміс жүлдемен оралған болатын.

Асланбек Шымбергенов бокстан ұлттық құрама команданың капитаны:

Ту ұстау мен үшін үлкен абырой. Үлкен мәртебе. Туымызды желбіретіп барып, алтын жүлдемен желбіретіп қайту – басты мақсатымыз.

Ұлттық құрама спортшыларының жаттығуы бес күннен соң аяқталмақ. Боксшылардың жан-жақты шынықтыру үшін бапкерлерден бөлек дәрігерлер штабы мен психологтар да тынысыз еңбектеніп жатыр.

Спортшыларының жаттығулары Оңтүстіктің табиғаты тамылжыған Біркөлік шатқалында өтіп жатыр. Аймақ аса биікте орналаспаған. Сондықтан да ауа қысымы жоғары емес. Есесіне нулы орман мен таудың саф ауасы бойға қуат, білекке күш тарытуда.

29 рет өткелі отырған Азия ойындарына 45 мемлекеттің спортшылары қатыспақ. Спорт 40 түрінен жүлделер сарапқа салынады. Қазір көптің көкейінде бұл додада Қазақстан құрамасының спортшылары жеңіс тұғырынан табылып, көк байрағымызды желбіретеді деген үміт басым.


Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу