Қызылорда облысында газдан уланған балалардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында газдан уланған балалардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

11.09.2023

Қызылорда облысының Шиелі ауданында екі бүлдіршін табиғи газдан уланып көз жұмды. Екеуі де бір үйдің балалары. Аталған дерек бойынша полициямен қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру амалдары басталды. Өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы да қайғылы жағдайдың мән-жайын білу үшін оқиға орнына барды. 

Әділбек Серікұлы, тілші:

Жалпы оқыс оқиға біреудің ауласындағы бір бөлмелі аядай үйде болған. Мұнда жалғыз басты келіншек баспананы жалға алып отырған дейді көршілері. Баспана ішіне жіті тексеру жүргізу үшін полиция есігін құлыптап, мөрмен жауып тастаған. Мамандардың алдын ала болжамы бойынша газ плитасының көздері ашық қалғаны салдарынан улану оқиғасы орын алған болуы мүмкін. Төтенше жағдайға жауапты өкілдер осылай дейді.

Жандос Мампаев, аудандық ТЖД бөлімінің бастығы:

Қазіргі таңда оны зерттеу жұмыстары жүргізіліп қойды. Сырттан келген газдан ахау жоқ деп жатыр. Сол жанағы плитадан деп жатыр. Аудандық полиция бөлімімен тергеу амалдары жүріп жатыр.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Қайтыс болған балалардың үлкені алтыда, кішісі үште. Жалпы бүлдіршіндермен бірге үйде 24 жастағы анасы да болған. Ол таңата газдың иісін сезіп, әлсіреген күйде жедел-жәрдемге қоңырау шалған. Бірақ, бүлдіршілндер медициналық көмек жетем дегенше көз жұмыпты. Газ жүйесіне жауапты мекеме бұл үйге ақпан айында техникалық тексеру жүргізіп, газ қондырғыларынан ешқандай ахау анықталмаған деп отыр. 

Талғат Серікұлы, Шиелі газ шаруашылығының директоры:

Газ плитасы тұрған жерде біздің талап бойынша булық міндетті түрде болуы керек. Сол булығын өздері жауып алған екен. Содан ішіне ауа кірмеген. Содан газ жиналған болуы мүмкін. Енді комиссия құрылып жатыр. 

Әділбек Серікұлы, тілші:

Жалпы жыл басынан бері облыста табиғи газдан улану дерегі осыған дейін тіркелмеген. Дегенмен, жылу беру маусымы да жақындап келеді. Мамандар газ қондырғыларын пайдалану кезінде тұрғындардан қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды сұрайды.

Хабарламаларға жазылу