Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл: Астана көшелерінің бірі «Анадолы» деп аталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл: Астана көшелерінің бірі «Анадолы» деп аталады

11.09.2023

Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толуына орай Астана көшелерінің бірі «Анадолы» деп аталады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданды қабылдау кезінде айтты.

Мемлекет басшысы Түркия аса маңызды стратегиялық серіктесіміз екеніне назар аударып, екі ел басшыларының кездесуінде жоғары деңгейдегі көптеген уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты. Қазір жалпы құны 2,8 миллиард доллардан асатын 36 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Сондықтан екі ел арасындағы ынтымақтастықтың болашағы зор деп ойлаймыз, деді. Өз кезегінде Хакан Фидан Мемлекет басшысына Президент Режеп Тайип Ердоғанның сәлемін жеткізіп, Түркия тарапы ортақ күш-жігердің нәтижесінде екі елдің өзара ынтымақтастығын жоғары деңгейге жеткізуге ниетті екенін айтты. Сонымен қатар ол Президент Режеп Тайип Ердоғанның биыл қараша айында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті аясында өзара стратегиялық қарым-қатынас мәселелерін кеңінен талқылауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бауырлас елдеріміздің қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Түркия еліміздің негізгі төрт сауда серіктесінің біріне айналды. Былтыр екіжақты тауар айналымы 54 пайызға өсіп, 6,3 миллиард долларға жетті. Осы көрсеткішті жақын арада 10 миллиардқа жеткізуге келістік. Екі ел арасында инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатыр. Түркия – Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының бірі. 

Хабарламаларға жазылу