Қ.Тоқаев: Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қ.Тоқаев: Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет

10.09.2023

«Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет». Апта басында Президент-Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы әскери полигонда өткен «Батыл тойтарыс» оқу-жаттығу жиынында осылай деді.

Сөйтіп «саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын» заман екенін тұспалдады. Расында бүгінде жаһандағы геосаяси ахуал қысқа күнде қырық құбылып тұр. Мүдделер қақтығысы күшті қазір. Тіпті, Доспамбет жыраудың атамекені Азаулының жағасында соғыс жүріп жатыр.

Ағайындылардың жаға жыртысқанына куә болып отырмыз. Ал мұндай қилы заманда ел іргесінің бүтіндігі керек. Сақтық қажет. Өйткені жар астында жау, бөрік астында бөрі болуы ықтимал. Президент бұл жағдайды «әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін» деп түсіндірді.

Жоғарғы бас қолбасшысы әскерге қарата айтқанымен, тұтас қоғамға месседж жолдады. Түсінген адамға Президенттің сөзі Үкіметке, жалпақ жұртқа да зор жауапкершілік жүктейді. Айталық, ақпараттық шабуылға армияны қарсы қоя алмайсыз.

Өзгенің медиа ықпалына тосқауыл қою үшін отандық ақпарат құралдарын ғана пайдаланасыз. Сапалы, ұлттық мүддені ескеретін контент әзірлеуге міндеттіміз. Қоғамның жік-жікке бөлуінен сақтану үшін өзге құрылымдардың ықтиятты болмағы керек.

Деструктивті ағымдарға қарсы да армия пайдалана алмайсыз. Сананы жаулауға бағытталған шабуылға қуатты зеңбірек, ұшқыр ұшақ тосқауыл бола алмайды. Оған саяси, экономикалық шабуылды қосыңыз. Ондай қысымдарға қарсы тұрудың да амалы басқа. Президент айтқан пікірдің тек армияға қаратылмағанын айтуымыздың сыры осында.

Айтпақшы, Іледегі жаттығу кезінде Арнайы операциялар күштерінің дайындығы пысықталды. Бұл әскери бөлімдер 2022 жылдың қаңтарында құрылған еді. Бірақ Қаңтар оқиғасынан кейін жасақталған құрылымдар деген ой тумауы керек. Арнайы операциялар күштерін жасақтаудың маңызды екенін Қасым-Жомарт Тоқаев одан бұрын да атап өткен. Қарулы күштердің жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруды 2019 жылдан бері тікелей өз назарында ұстап отыр. Арнайы операциялар күштері осы ұстанымның нәтижесінде жасақталды.

Одан бөлек қорғаныс өнеркәсібі кешенін де ұмытқан жоқ. Бірақ ол кеңінен талқылайтын, ауқымды тақырып. Оған кейін оралармыз. Енді тілшіміз Іле жағалауында көрген-білгенін айтып берсін.

Бұл – Алматы облысындағы «Жағалау» әскери дайындық полигоны. Мұнда өткен стратегиялық оқу-жаттығу жиынының «Батыл тойтарыс» деп аталуы бекер емес. Сценарий бойынша жауынгерлер тұтқиылдан шабуыл жасаған жауға тойтарыс беруі қажет.

Міне, әскерилерімізге қарсы атыс басталды. Жау өзеннің арғы бетінде. Олар ұтымды позицияда тұр. Сарбаздарымызды сан соқтыру үшін олар алдымен жарылғыш заттары бар дрондарды жіберді.

Жауынгерлер қарап қалған жоқ. Дрондарды зенитті-артилериялық қондырғылармен атқылап, қарсы шабуылға көшті. Ол үшін әскерилер алдымен айналаны барлап, жаудың орналасқан жері мен басқару пунктерін анықтады. Кейін Су-30СМ жойғыш зымырандары қарсылас шоғырланған жерлерге ракета тастады. 

Кейін кескілескен ұрыс жүріп жатқан аудандарға десанттық-шабуылдау әскерлерінің сарбаздары әуеден парашютпен секірді. Ал құрлық әскерлерінің жауынгерлері жерден соққы берді. Қарсыластар бекінген өзеннің арғы жағасына өту үшін 15 минутта көпір құрып, жауды тұқырта қуды.

Осылайша әуеден де, жерден де шабуыл жасалып, жауға батыл тойтарыс көрсетілді. Шартты түрде басып алынған «Қапшағай» гидроэлектр станциясы азат етілді. Қазақстанда мұндай ауқымды жаттығу бұрын-соңды өтпеген екен. 

Алмаз Жұмакеев, ҚР ҚК Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы:

Біз бүгін отыз жылда алғаш рет оқу-жаттығу шеңберінде жаппай десанттауды жүзеге асырдық. Яғни төрт әскери ұшақты бір мезетте басқарылатын парашютпен қондырдық. Әрине, оның өз қиындықтары бар. Бірақ бұл ұрыс кезінде өте шұғыл шешім қабылдауда таптырмас әдіс. Яғни тұтас десант бөлімін, қажетті қару-жарақты, шағын техниканы тасып, ұрысты жалғастыруға болады.

«Батыл тойтарыс» оқу-жаттығу жиыны мемлекеттік және әскери басқару органдарының қорғаныс операциясын орындауға дайындығын тексеру үшін ұйымдастырылды. Әскерилер штаб бұйрығын толық іске асыруға қауқарлы екенін көрсетті.

Алмас Исабеков, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің штаб бастығы:

Осы оқу-жаттығуға 2 мыңдай адам қатысып жатыр, 600 техника. 30 танк, 60 БТР, 30 БМП.

Жауынгерлік әдіс-тәсілдерді бақылаған Президент-Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев әскерилердің дайындығына жоғары баға берді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінгі жиын осы жылы атқарылған ауқымды жұмыстың ақтық кезеңі. Жаттығу кезінде барлық әскери басқару органдары бірлесіп жұмыс істеді. Құрлықта, әуеде, теңізде және ақпарат кеңістігінде жауынгерлік міндеттерді орындау тәртібі пысықталды.

Президент әлемдегі тұрақсыз геосаяси ахуалды алға тартып, қорғаныс жүйесі өзгеріп жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет.

Ал ол үшін армияны жоғары технологиялық қару-жарақпен және сапалы әскери техникамен жарақтандыру керек деді Мемлекет басшысы. Отандық өнім үлесі көбірек өндіріс циклін құруды Президент жолдауда да тапсырған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бронды техника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары – мұның бәрін біз өзімізде шығара аламыз. Жалпы, қорғаныс-өнеркәсіп кешені әскеріміздің жауынгерлік қабілетіне сенімді тірек болуы қажет.

Жоғарғы бас қолбасшы командирлердің кәсібилігіне жоғары талап қойылатынын да ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі заманғы ұрыс жағдайында бөлімшелер негізгі күштен бөлек, дербес әрекет етуге дайын болуы қажет. Командирлер мен бастықтар батыл шешім қабылдап немесе орынды бастама көтеріп, берілген тапсырманы орындау үшін тың тәсіл қолдануы керек. Олар батылдығымен, төзімділігімен және антқа беріктігімен көпке үлгі болуы қажет.

Мұндай риториканың маңыздылығы Қаңтар оқиғасынан кейін арта түскендей. Сол кезде кейбір күштік құрылым командирлері антқа адалдық таныта алмай, кейбірі жоғарыдағыларға жалтақтап, батылдық көрсете алмаған еді... 

Ал «Батыл тойтарыс» оқу-жаттығу жиынында сарбаздар да, офицерлер де ерліктің үлгісін көрсете алды. Сол үшін Президент Арнаулы операциялар күштерінің қолбасшылығына Жауынгерлік туды салтанатты түрде табыс етті.

Президент отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені шығарған қару-жарақ пен әскери техника көрмесін аралады. Онда түрлі техниканы жөндеу мүмкіндіктері де таныстырылды.

Тілеухан Басқожаев, ҚР Қорғаныс министрлігінің департамент басшысы:

Отандық қорғаныс-кәсіпорын кешенінің жұмыстарын біз толыққанды жұмыс істеп, тапсырыстар беріліп жатыр. Негізі бұны түсінулеріңіз керек, бұл нарық. Нарықта дұрыс, кемшіліктері аздау техника таңдалады.

Бұдан соң арқасынан ауыр жүк түскен сарбаздармен бірге Президент те қарақұмық жеп, емен-жарқын әңгеме құрды. 

Жауынгерлермен тілдескен Мемлекет басшысы Қазақстан бейбіт саясат жүргізетінін айтты. Әйтсе де, әскер кез келген сын-қатерге әзір болуы қажет екенін ескертті. Ал біз кез келген жағдайға «батыл тойтарыс» тек дипломаттар күшімен берілсе екен дедік...

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу