Көкшетаудағы тапталған оқушылар: Мектеп басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетаудағы тапталған оқушылар: Мектеп басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылады

08.09.2023

Бұл жағдай Көкшетау қаласындағы № 1 мектеп-гимназиясында болған. Оқушылардың жерде тапталып жатқан видеосы желіге тарағаннан кейін, тексеру жүргізіліп, мектеп басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болды. Ал, бұл оқиғаның орын алуына үзіліс кестесінің дұрыс жоспарланбауы себеп болған. Яғни, балалардың сабағы бір уақытта аяқталып, олар бір мезеттте дәлізде топтасып қалған.

Жаңа оқу жылының басталғанына бір апта ғана уақыт болса да, мектепке сыймай жатқан оқушылардың видеосы желіде күн санап көбейіп барады. Мәселен, бұл Астанадағы 71 мектепте болған жағдай. Видеода қысылып, қымтырылып, жан-дауыстары шыққан оқушыларды көруге болады

Дәл осыған ұқсас жағдай Астанадағы 59 және 51 мектептерде де болды. Мұнан соң 59 мектептің ата-аналары балаларының өміріне алаңдай бастады.

Астана қаласының білім басқармасы мектеп ғимаратына балалардың сыймай жату дерегі бар екенні жасырмайды. Демографиялық ахуал да бұл жағдайға себеп дейді.

Көкшетаудағы N 1 мектепте оқушылар бір бірін таптап кете жаздаған бейнекадрлр әлеуметтік желіні шулатқаны рас. Осыдан кейін, мектеп басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болды. Ал, оқушылардың мектеп дәлізіне сыймай жатуына үзіліс кестесінің дұрыс жоспарланбауы себеп болса керек.

Сандуғаш Нұрқанова,  №1 мектеп-гимназиясының директоры:

Барлық сыныптар бір мезгілде 7:30-да аяқталған алтыншы сабақтан кейін шығып, оқушылар топталып қалды. Топталған себебі-гардеробта екінші есігіміз ашылмай қалды. Бала саны өте көп. Бір уақытта барлық бала шыққанда сынып жетекшілері мен мектеп администрациясы балаларға ие бола алмай қалғанымыз анық. 

Айта кетейік, бір ғана Астананың өзінде 255 мыңнан аса оқушы бар. Балалар 8 үш ауысымды мектепте оқып жатыр. Одан бөлек Елордадағы 14 мектепте бала саны шамадан тыс. Ал Астана қаласының білім басқармасы оқушылардың мектеп мәселесі толықтай алдағы 2 жылдың ішінде шешіледі дейді.


Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу