Қостанай облысында толассыз жауған жаңбыр жиын-терін науқанына қолбайлау болып тұр. Күні бүгінге дейін 4 млн 400 мың гектар жерге егілген астықтың 23 пайызы ғана жиналған. Шаруалар күн ашылмаса, егін орағы созылып, онсыз да құны арзан өнімнің сапасы төмендеп, шығынға батамыз ба деп алаңдайды.
Жалпы аумағы 1200 гектар болатын мына алқаптағы астықтың осы уақытқа дейін тек 5 проценті орылған. Үздіксіз жауған жаңбырдың салдарынан жұмыс 9 күннен бері тоқтап тұр. Алайда алқаптағы астық әбден кеуіп, оруға жарамды болу үшін кемінде үш тәулік тұруы керек. Ал ауа райын болжаушылар ертең тағы жаңбыр жауады дейді.
Егін арасының топырағы әлі езіліп жатыр. Сондықтан мұнда комбайн кіре алмайды. Кірген күнде де дым тартқан дән қаузынынан шықпай масақ басында қалып босқа шығын болады. Мамандар осылай жалғаса берсе, астық бар сапасынан айрылады дейді.
Темірбек Тоқтекин, агроном:
Ағарып кеткен бидайдан қамыр жасауға келмейді, себебі құрамындағы протеин кетіп қалады. Осылай оның деңгейі төмендеп, малдың жеміне кетуі де ғажап емес.
Жаздай алқабын шегіртке мен киік отаған шаруаларға күзгі жауын қосымша соққы болып отыр. Ресейден ағылған арзан астықтың кесірінен баға да құлдырап кетті. Мысалы, былтыр тоннасы 150-170 мың теңге болған өнім қазір нарықта 70-72 мың теңгеден саудаланып жатыр.
Бауыржан Барсақбаев, шаруа:
Жағдай өте қиын. Баға 2,5 есе төмендеді. Жаңбырдың салдарынан сапасы жоғалса, мүлде құны көк тиынға татымай қалады. Мұның соңы көптеген шаруашылықтардың құлдырап, банкротқа ұшырауына соқтырады. Сондықтан Ресейден астық тасымалдаудың барлық түріне тыйым салу керек.
Ауылшаруашылығы басқармасындағылар азық-түлік корпорациясы сатып алу құнын белгілеген кезде ғана бағада өзгеріс болуы мүмкін дейді. Әзірге астық нарығын реттеуге қауқарсыз. Облысқа биыл егін орағына 85 тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлініпті. Литрі 250 теңге. Алайда биылғы жағдайда бұл да аз.
Кенжеқозы Жұмандықов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
Біздің болыстың басшылары Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауа-райның қолайсыздығына байланысты астықты кептіруге жанармай сұрап, хат жолдады.
Облыста 318 астық кептіру кешені бар. Олар сағатына 12500 тонна өнімді құрғатып шығара алады. Жаңбыр толастамаса биыл бұл кешендердің бәрі толық қуатымен жұмыс істейтін тәрізді.