Түркияда сел жүріп, көшелерді су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда сел жүріп, көшелерді су басты

09.01.2024

Түркияның бірнеше қаласында нөсер жауыннан кейін сел жүріп, көшелерді су басты. Кырыклар-елі қаласында түні бойы жауған жаңбырдан соң үйлердің төменгі қабаттарына су кіріп, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Ал Стамбұлға көршілес Измит және Балыкесір қалаларында алапат жел мен нөсер жаңбырдан соң теңіздің суы тасып, көшелер мен жағалауды су басты. Арнайы қызметтер теңіз жағалауына құмнан уақытша бөгет жасап суға тосқауыл болды. Метерологтар осы апта бойы жауын-шашын болады деген ескерту жариялады. Ал Стамбұлда бүгін-ертең осы қыстағы алғашқы қар жауады деген болжам бар.

Шахин Санбаз, метеорология басқармасының бөлім басшысы:

Осы апта бойы Түркияның барлық аймақтарында жауын-шашынды ауа райы сақталады. Кей өңірлерде қар жауады. Стамбұлда осы апта бойы жаңбыр, ал қаланың таулы аймақтарында қар жауады деген болжам бар. Сондықтан тұрғындардың көктайғақтан сақтанып жүргендері абзал.

Айдос Әшім


Хабарламаларға жазылу