Атырау облысында киелі орындағы құрылыс аяқсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында киелі орындағы құрылыс аяқсыз қалды

05.09.2023

Атырау облысына қарасты Жылыой ауданындағы Ақмешіт қорымы аумағына тұрғызылып жатқан кешен құрылысы 5 жылдан бері тоқтап тұр. Ал киелі орынға осыдан 27 жыл бұрын салынған қонақжайлар бүгінде әбден тозған. Мемлекет қорғауындағы тарихи жер неге тасада қалды?

Құрылысы аяқталмай қалқиып тұрған нысан 700 шаршы метр аумақты алып жатыр. Зәулім кешенде заманға сай қонақ үй, музей, құлшылық орны, асхана болады. Жұмыстың тең жартысы демеушілер есебінен орындалған. Ел игілігіне беру үшін әлі 30 млндай қаржы керек.

Мейрамбай Шаңдыұлы, «Ақмешіт» қорымының шырақшысы:

Сырлаймыз. Әктейміз. Оныменен түсіп қалады. Енді мынадан дәметіп отырғанымыз ғой құрылыс бітсе екен деп. Осыған бір мемлекет тарапынан бола ма, жеке қайырымды жандардан бола ма, көмек болса екен дейміз. Азаматтарымызға, басшыларымызға сын болып тұр шынын айтқанда.

Тасын түртсең толғауы терең тарихтан сыр шертетін Ақмешіт – атақты әулие Бекет атаның туып-өскен жері. Мұнда ол 1771-1774 жылдары жер асты мешітін салдырып, бала оқытқан. Құлшылық орны1998 жылы қайта жаңғыртылады. Осыдан кейін, бұл жерге келушілер қарасы көбейеді. Бір өкініштісі - өңір туризмінің айшығы саналатын киелі мекендегі қонақ жайлар тозып барады. Әрісі 1996 жылы салынған.

Жандос Темірғали, тілші:

Бұл жер мұражай есебінде ашылған шағын бөлме. Мұнда Бекет атаға қатысты тың деректер, тарихи фото-суреттер, кәде сыйлар сақталған. Келушілердің көптігіне байланысты кейде бұл мұражай қонақ күтетін бөлмеге де айналады.

Аумағы 5 гектарды құрайтын ескерткіш - Қазақстанның киелі жерлер географиясына енген. Қорымда Бекет әулиенің атасы Жаналы, әкесі Мырзағұл мен анасы Жәния және бауыры, баласы жерленген.Мұнда шет мемлекеттерден де туристер көптеп келеді.

Қоқымбай Қыдырбаев, Ақкиізтоғай ауылының тұрғыны:

Шетелден келетін қонақтарды алыр келесің осы мешіттің басына. Жаңа ғимарат болғаны жақсы ғой. Музейімен.

Мемлекет қорғауына алған ескерткіш аумағындағы құрылысқа әкімдік тарапынан қолдау болмай тұр. Оны жауапты орталықтың өкілі де кесіп айтты.

Толыбай Достыбаев, Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы:

Ақмешіт қорымында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына қатысты біздің әкімдік тарапынан, біздің зерттеу орталығы тарапынан ешқандай қаржы бөлінбеген. Ол жерге біздің ешқандай қатысымыз жоқ деп айта аламын.

Әзірге Ақмешіттегі кешен құрылысының қалай аяқталатыны белгісіз. Тез арада тапсырылмаса, жаңа ғимарат жауын шашынға мүжіліп тына ма деп алаңдайды мұндағылар.


Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу