Түркияда селден бірнеше адам қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда селден бірнеше адам қайтыс болды

04.09.2023

Түркияның бірқатар қалаларында нөсер жаңбырдың соңы селге ұласып көшелерді су басты. Бірнеше адам қайтыс болған. Қара теңіз жағалауындағы қалаларда антициклонның кесірінен бұршақ жауып, дауыл соқты. Селден ең қатты зардап шеккен Самсун қаласы болды. Шахарда бірнеше көпқабатты үйді су басқан. 

Айдос Әшімұлы, тілші:

Кеше Түркияның солтүстік өңірлеріндегі облыстарда қатты жауын жауып, соңы селге ұласты. Анкара, Ескишехир, Ардахан, Сивас және Самсун қалаларында көшелер мен үйлерді су басып, тұрғындарды әбігерге түсірді. Невшехир қаласында 3 адам суға кетіп қайтыс болған. Оның бірі 3 айлық нәресте. Сивас қаласында үлкендігі жұмыртқадай бұршақ жауып, адамдар мен көліктерге зарар берді. Кей үйлердің шатырлары тесілген. Әсіресе Самсун қаласында селдің екпіні қатты болды. Жиналған су көліктерді ағызып, қала орталығындағы бір көшенің асфальтін шайып кетті. Терең судан жүре алмаған көліктерін адамдар жол үстіне тастап кетіп жатты. Тіпті қала ортасындағы туннельде қалып қойған 4 адам ашық жерге қарай жүзіп шыққан.

Самсун қаласында үйлері мен жұмыс орындарынан шыға алмай қалған 618 адамды арнайы қызметтер қайықпен қауіпсіз жерге көшірді. Ал жараланғандар туралы ешқандай ақпарат жоқ. Сондай-ақ, Самсун-Анкара қаларалық тас жолының бір бөлігін де су басып көлік қатынасы қиындаған. Дегенмен қазір нөсер жауын басылды. Арнайы қызметтер тазалық жұмыстарына кірісті. Алайда метеролог мамандар бүгін де Самсун қаласы мен оның айналасында қатты жаңбыр болуы мүмкін екенін ескертіп, тұрғындарды қапыда қалмай аса қажеттілік болмаса көшеге шықпауға шақырды.


Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу