Жетісу облысының Текелі моноқаласындағы «жылу энергетикалық кешен» 67 пайызға тозған. Қаланы жылумен қамтып, электр қуатын өндіріп жатқан кәсіпорын алдағы жылдары модернизациядан өту керек. Сондай-ақ шаһардың кәріз тазарту жүйесіне де жаңғырту жұмыстары қажет. 1968 жылы салынған кешенге бір де бір рет жөндеу жүргізілмеген.
Осы және өзге де мәселелер Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың өңірге сапарында қамтылды. Сенат спикері облыстың барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен кездесіп, елдегі реформалардың сапалы орындалуын қадағалау халық қалаулыларының құзыры екенін атап өтіп, алдағы сессияда қаралатын мәселелерді таныстырды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Жайылымдық жерлерді пайдалану, органикалық өнім өндіру мәселелері бойынша заң жобалары бар. Осындай ауқымды жұмыста өңірлердегі әріптестеріміздің тәжірибелері мен пікірлері аса маңызды. Сондықтан біз мәслихат депутаттарымен белсенді әрі тығыз жұмыс істеуді көздеп отырмыз.
Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Талдықорғанда паралимпиадалық «Боччо» спорттық ойынымен айналыса бастаған тұрғындармен кездесті. Өңірде аталған паралимпиадалық спорт түрінен екі арнайы үйірме жұмыс істейді. Сондай-ақ Сенат төрағасы қаладағы білім шаңырақтарының біріне барып, оқушылардың ІТ-технологияларды меңгеру деңгейімен танысты.
Қуаныш Қанатұлы