Ұлттық спорт түрлері саласында мамандар мен орталықтар тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық спорт түрлері саласында мамандар мен орталықтар тапшы

29.08.2023

Алдағы уақытта еліміздегі жоғары оқу орындарында ұлттық спорт мамандары дайындалуы мүмкін. Бүгін ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырған жиында осындай бастама көтеріліп жатқаны айтылды. Себебі қазіргі уақытта бұл іспен дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері айналысып жүр.

Ұлттық спорт қауымдастығында 9 федерация бар. Соңғы бір жылда спортшылар 12 халықаралық жарыста 39 алтын, 27 күміс, 29 қола медаль жеңіп алған. Бірақ жетістікпен қатар мәселе де көп. Маман тапшы, оларды даярлайтын орталық жоқ, инфрақұрылым нашар, ат индустриясы ақсап тұр.

Тастанбек Есентаев, Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті:

Ұлттық спортты ары қарай дамыту жолдары керек. Көкпар, тоғыз құмалақ, осының бәрін көшпенділер ойынын пайдалана отырып, Азия ойындарының бағдарламасына кіргізуіміз керек.

Жиында отандық БАҚ-тың ұлттық спортты насихаттауға қосып жатқан үлесі де айтылды. Исламбек Салжанов «Қазақстан» телерадиокорпорациясына «Мергендер мекені» реалити жобасын ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Бұл жаңа маусымда эфирге шығатын садақ ату өнерін жаңғыртуға арналған мегажоба. Сондай-ақ жиында ұлттық спорттың мән-маңызына екпін түсірілді.

Исламбек Салжанов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті:

Ұлттық спорттың артында біздің ұлы тарихымыз, рух, намысымыз тұр. Бұл елімізді біріктіретін фактордың бірі. Үлкен идеология тұр деп ойлаймын. Сондықтан өзім сол ұлттық спортқа ерекше қарау керек, ерекше қолдау керек деп ойлаймын.

Ұлттық спорт қауымдастығы «ALAMAN» медиа байқауын жариялады. Байқау 2023 жылдың 1 қыркүйегінен 2024 жылдың 1 наурыз аралығында өткізіледі. Оған отандық журналистер және шетелдік БАҚ өкілдері де қатыса алады.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу