Семейде «Оқуға құштар ұлт» тақырыбында дәстүрлі тамыз кеңесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде «Оқуға құштар ұлт» тақырыбында дәстүрлі тамыз кеңесі өтті

25.08.2023

Семейде «Оқуға құштар ұлт» тақырыбында дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Биылғы жылғы жиынның ерекшелігі Абай облысына еліміздің әр түкпірінен 150 ден астам кітапханашы жиналды. Оқу-ағарту министрлігі, Жазушылар Одағының өкілдері мен өңір басшылары қатысқан кеңесте кітапхана ісін дамыту, жастардың көркем әдебиетке құштарлығын арттыру сынды өзекті мәселелер талқыға түсті.

Елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту қажет. Ол ең алдымен мектептерден бастау алуы тиіс дейді тамыз кеңесіне қатысушылар. Алайда мектеп кітапханаларында мәселе көп. Ең бастысы көркем әдебиеттің жетіспеушілігі, оқу залдарының болмауы, компьютермен, сапалы интернетпен жабдықтау сынды түйткілдер бар. Осы мәселелерді реттеу үшін екі жыл бұрын «Оқуға құштар мектеп» жобасы басталған. Оның шеңберінде кезең-кезеңімен білім ұйымдарындағы кітапхана ісін дамыту қолға алынып келеді.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Оқушылар мен жастардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қазір барлық білім ошақтарында «Оқуға құштар ұлт» жобасы іске асып келеді.

2025 жылға дейін Президент тапсырмасы сәйкес кітапханашылардың жалақысы кезең-кезеңімен 100 процентке өседі. Кітап қорын молайту, оның ішінде көркем әдебиеттің санын көбейту де біртіндеп қолға алынып келеді.

Әсем Нүскенова, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Биылғы 2023 жылға тек қана көркем әдебиетке біз 170 миллион ақша бөлдік. Ол көркем әдебиет пен барлық мектеп оқулықтары қазіргі таңда толыққанды жеткізілді. Бүгінгі таңда жаңағы бізде пән бойынша оқулықтармен қамтамасыз ету 100 пайыз.

Кітап оқу арқылы балалар интеллектуалдық жағынан дамып, рухани баиды. Ұлттық және әлемдік мәдениетке ұмтылады. Сондықтан кітапхана ісін жан-жақты дамыту мен кітапханашылардың кәсібилігін арттыру маңызды дейді мамандар.

Ернұр Дәуенов, ҚР Оқу-ағарту саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы:

Кітап оқуға деген қызығушылық және ол арқылы қоршаған дүниені тану балалардың бойында мектеп кезеңінде қалыптасады. Кітапхана осы қызығушылықтың негізгі өзегі, сондай-ақ қызықты кітап әлеміне жол көрсетуші, негізгі бағыттаушы болуы керек.

Тамыз конференциясы аясында еліміздің әр түкпірінен жиналған кітапханашылар түрлі тақырыптағы сессияларға да қатысты. Педагогтармен бірлесіп балалардың құқықтарын қорғау, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету сынды өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибелерімен бөлісті.


Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу