Алматыда шетелдік қонақтармен ағылшын тілінде сөйлейтін сала мамандарының саны артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда шетелдік қонақтармен ағылшын тілінде сөйлейтін сала мамандарының саны артады

22.08.2023

Алматыға жылдың алғашқы тоқсанында 450 мың саяхаттаушы келген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге дейін өскенін көрсетеді. Мамандар мұны шаһардың тұмса табиғатымен, географиялық орналасуымен және тауларға жақындығымен байланыстырады. Демалушыларға қолайлы жағдай жасалғанының арқасында жергілікті бюджетке түсетін салықтық түсімдер де едәуір артқан. Биыл оның көлемі бірден 45 пайызға көбейіпті.

Ұлттық тағамдар әзірлеумен айналысатын мейрамхана қызметкерлері соңғы 2-3 жылда қала тұрғындары мен қонақтарының тамақтану мәдениеті өзгергенін айтады. Табиғи, әртүрлі қоспасыз әзірленетін асқа сұраныс артқан. Сервиске де көңілдері толады.

Зарина Айдарқызы, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Дәмді, тәтті, қызмет көрсету 100 пайыз.

Гүлзада Көптікқызы, Шымкент қаласының тұрғыны:

Жақсы. Бешбармақ жедік қазір. Қымыран, қымыз ішіп отырмыз. Тамағы жақсы, өте дәмді. Демалған жерімізде де, отырған орнымызда да өте.

Николас Старгардт, Германия азаматы:

Бешбармақ – менің ең сүйікті асыма айналды. Сіздерде ең дәмді тағамдар дайындалады. Алматыға үшінші рет келіп тұрмын.

Қуан Нұрақын, тілші:

Теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте орналасқан Алматы алақандағыдай көрінетін Көктөбенің орны ерекше. Қалаға саяхаттаушылар бұл жерге міндетті түрде көтеріледі. Демалыс орнына күніне шамамен 3500 мың адам барады.

Қала тұрғындары мен қонақтары пандемиядан кейін тауда демалғанды, серуендегенді жөн көреді. Демалушылардың сөзінше, шаһарда барлық мүмкіндік қарастырылған. Қызмет көрсету сапасы да жақсарған.

Султан Жасым, Кувейт азаматы:

Бұрын соңды Қазақстан туралы естуім болмаса алғаш келуім. Бүгін Алматының біраз жерін араладым. Халқы өте қонақжай екен. Адамдардың жүзінен жылылық байқадым.

Қамбар Мәжитұлы, Атырау қаласының тұрғыны:

Кассадан бастап қалай көтерілу керек, қай бағытқа бару керек. Автобуспен барасың ба, аспалы жолмен көтерілесің бе солардың барлығын айтып түсіндіріп, келген соң фотографтар бар, әртүрлі қызметтер көрсетіп жатыр. Есте қалатындай жақсы әсер.

Қаланың туризм басқармасы шетелдік қонақтарға ыңғайлы болуы үшін ағылшын тілінде сөйлейтін сала мамандарының санын арттыруды қолға алған.

Ақмарал Нұрашқызы, қалалық туризм басқармасы басшысының орынбасары:

Оның ішінде көлік тораптары қызметінің қызметкерлері бар. Шекара қызметі, кедендік және тексеру қызметтері бар. Және туристердің тікелей өзара іс-қимыл жасайтын сала мамандары, экскурсовод, гид, нұсқаушылар және тағы басқалар бар.

Енді биыл 150 шақырымды құрайтын үлкен және шағын шатқалдар демалушыларға қолайлы етіп жасалынбақ. Сондай-ақ үш кемпинг-аймақ болады. Яғни онда шатыр, орындығы бар үстелдер мен ұлттық нақыштағы әткеншектер қойылмақ. Демалушыларға қолайлы жағдай жасалғанының арқасында осы жылдың алғашқы үш айында-ақ жергілікті бюджетке 13,4 миллиард теңге салық түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға жоғары.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу