Түркістан облысында 11 адам суға батты: Екі баланың денесі іздестіріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 11 адам суға батты: Екі баланың денесі іздестіріліп жатыр

22.08.2023

Түркістан облысы, Отырар ауданында суға батып кеткен 11 адамның 9-ы табылды. Екі жеткіншектің денесін іздестіріп жатыр. Олардың бірі 10 жастағы қыз мен 12-дегі ер бала. Бақилық болған бір әулеттің сегіз адамы бүгін жер қойнына тапсырылды.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Сырдария өзені мен ауылдың арасы 5 шақырым. Ағайындылар тап осы жерге кеп шомылған. 6 жасар қыз бала оқыстан суға батып кеткен. Оны құтқарам деп туысқандары бірінен соң бірі жанталасып суға сүңгіп кеткен.

Суға батқандарды құтқаруға ең бірінші болып ауыл тұрғындары мен орманшылар жеткен. Табиғи парктің инспекторы Ержан Мәткәрімов жағаға жүгіріп жеткенде жантүршігерлік көрініске тап болған. Суда қалқыған адамдарды көрген ол әріптесімен бірге жанталасып 6 адамды алып шыққан.

Ержан Мәткәрімов, «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік табиғи парктің инспекторы:

Келген кезде өте қорқынышты жағдай болды. Бір әйел суда жабысып тұр, қалғандары етпетімен судың бетінде ағып бара жатты. Сөйтіп ол кісіні құтқаруға бара жатыр едім, мен талда жабысып тұра беремін. Баламды құтқаршы деді. Баласын іздеп бара жатсам суда әйел кісі жатыр екен. Оны шығардым сыртқа. Тағы да барып, үш кісіні шығардым судан.

Әділхан Аманов, куәгер, Көксарай ауылының тұрғыны:

Алтауын шығардық судың бетінен. Екі кішкентай баланы құтқардық. Сонымен ол арада бүйтіп қараған жоқпыз. Көрінгеннің барлығын шығардық жағаға. Одан кейін 102-ге қоңырау шалдық, жедел-жәрдем де келді.

Аман қалған 9 жастағы қыз бала мен 8 жасар ұл аудандық ауруханада жатыр. Дене қызуы көтерілгенімен жағдайлары қалыпты дейді дәрігерлер. Ал түске таяу табылған 25 жастағы бойжеткеннің мәйіті сот медициналық сараптамаға жіберілді. Қазір оқиға орнында құтқарушылар екі жасөспірімнің денесін іздеп жатыр. Оған 150 адам мен 18 техника, 6 жүзу құралы мен екі дрон жұмылдырылған.

Сырдария өзеніндегі судың лай әрі терең болуы сүңгуірлердің жұмысын қиындатып тұр.

Нұрғали Жүнісов, Түркістан облыстық ТЖД бастығы:

Судың тереңдігі 5 метрге дейін барады. Су құмды болғандықтан өте лай. Ағаштардың тамырлары, бұтақтардың арасына денелерінің тұрып қалуы, қиын болғандықтан біз сүңгуірлерді түсіріп, зерттеп, іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Қайтыс болған жандардың барлығы бір әулеттен болғандықтан бүгін 8 адамның жаназасы бір үйден шығарылды. Қапыда қара жамылған отбасына көңіл айтқан жұртта есеп жоқ.


Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу