Экология министрлігі «Семей орманы» мекемесі қызметкерлеріне 70 пайыздық үстеме неліктен төленбейтінін түсіндірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экология министрлігі «Семей орманы» мекемесі қызметкерлеріне 70 пайыздық үстеме неліктен төленбейтінін түсіндірді

11.08.2023

«Барлығының бірдей жалақысы өспейді.» Экология министрлігі «Семей орманы» мекемесі қызметкерлеріне 70 пайыздық үстеме неліктен төленбейтінін түсіндірді. Бар гәп жұмысшалардың санатында. Биыл маусымдағы алапат өртте 14 қызметкері қаза болған мекеменің жұмысшылары үстемақы алмағанын айтқан еді.

16 шілдеде қабылданған қаулыға сәйкес үстемақы мемлекеттік орман күзеті мен табиғатты қорғау инспекторларына беріледі. Ал штаттан тыс қызметкерлер әкімшілік қызметкерге жатпайды. Сондықтан олар ала алмайды деп түсіндірді министрлік өкілдері. Қазақстанда 160 табиғат қорғау, орман мекемелері бар. 17 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. 13 мыңға жуығы штаттық қызметкер. Жаңа қаулыға сәйкес орманшылар 150-320 мың теңге арасында жалақы алуы керек. Ал штаттан тыс қызметкерлердің айлығы 80-100 мың теңге шамасында қала бермек. Орман шаруашылығы комитеті олардың да жалақысын көтеру қарастырылып жатқанын жеткізді.

Мәди Нұрпейіс, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы:

Айлықтарын өсіру үшін бірінші кезекте ол кісілердің санатын штаттан тыс санаттан әкімшілік қызметкерлер санатына ауыстыру. Немесе басқа жолдарын қарау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы жұмыстардан кейін ол кісілердің жалақыларын өсіру мүмкіндігі пайда болады.

Елдос Есенбол

Хабарламаларға жазылу