Премьер-министр Ақтөбе облысында салынып жатқан тас жолдың жағдайымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-министр Ақтөбе облысында салынып жатқан тас жолдың жағдайымен танысты

10.08.2023

Премьер-министр Әлихан Смайылов Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында «Бұқара-Орал» магистралды газ құбырының жаңа желісін салу барысымен және «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» автожолының жағдайымен танысты. Үкімет басшысы күрделі жөндеу жобасын іске асыруға дайындықты жеделдетуді тапсырды.

Ақтөбе қаласы мен оған іргелес аумақтар «Бұқара-Орал» және «Жаңажол-Ақтөбе» магистралды газ құбырларының үш желісі арқылы газбен қамтамасыз етіледі. Бірақ жыл сайын инфрақұрылымға түсетін жүктеме артып келеді. Сол себепті де жаңа газ құбыры желісінің құрылысы жүріп жатыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Маңызды инвестициялық жобаны іске асырып жатырмыз.11 млрд бөлінді. Жалпы, құны 43 млрд. Ұзындығы 165 шақырым. Биыл және келесі жылы толығымен қаржыландыруымыз керек бұл жобаны. Сонда қосымша 2,4 млрд текше метр газ Ақтөбе және соның маңайына берілетін болады.

Үкімет басшысы Қазақстанның оңтүстігінен Ресейге өтетін транзиттік дәліздің бір бөлігі «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» автожолы учаскесін де аралап көрді. Мұнда қозғалыстың қарқыны жоғары – күніне шамамен 16 мыңдай көлік, оның ішінде 4 мыңға тарта жүк көлігі өтеді. Жолдың бүгінгі жағдайы халықтың наразылығын тудырып отыр. Ахуалды түзету мақсатында жөндеу жұмыстары жанданып келеді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

«Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» тас жолы мен Қызылордаға апаратын жол – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігі. Көліктердің көп екенін көріп отырмыз, сондықтан жолды кеңейтіп, сапасын жақсарту керек. Индустрия министрлігіне тиісті тапсырма берілді, енді бұл жолдарды күрделі жөндеуге кірісу керек. Кейінгі жылдары олардың сапасын тиісті деңгейде сақтау қажет.

Сондай-ақ Премьер-министр жергілікті маңызы бар жолдарға да назар аудару қажеттігін айтты.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу