Экс генерал-майор Нұрлан Мәсімов 10 жылға сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экс генерал-майор Нұрлан Мәсімов 10 жылға сотталды

10.08.2023

Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімов пен оның сыбайластарына қатысты бүгін сот үкімі шықты. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдағы қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК-нің бұрынғы бастығы Кәрім Мәсімовтің інісі қызметінен босатылған болатын. Іле оған сыбайлас жемқорлыққа қатысты аса ауыр қылмыс жасады деген айып тағылып, іздеу жарияланды. Күдікті Ресей шекарасының маңында ұсталды. Сот оны сыбайлас жемқорлық, пара алу және мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтпек болған әрекеттері үшін айыпты деп таныды. Экс-генералдың орынбасары болған полковник Дамир Сиразидимов 8 жылға, ал, оларға пара берген кәсіпкер Евгений Евкович 7 жылға сотталды. Бұған дейін Нұрлан Мәсімовті әкімшілік құқық бұзу істері жөніндегі мамандандырылған соты «мемлекеттің миллиондаған қаржысын тиімсіз пайдаланды» деп айыптап, айыппұл төлеттірген болатын. Қылмыстық істі айыпталушылардың өтініші бойынша алқа билер соты қарады.

Нұрлан Қайырбеков, қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының судьясы:

Нұрлан Мәсімовті сот 10 жылға қамау жазасын тағайындады. Дүние-мүлкі тәркіленеді. Өмір бойы мемлекеттік қызметте, сот, жергілікті атқарушы органдарда, ұлтық банк пен оның ведомстволарында, қаржылық ұйымдарда және квазимемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуге тиым салынады. Полиция генерал-майоры атағынан айыру туралы ұсыныс дайындалды.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу