«Генерал қуу»: Серік Күдебаевты ұстау операциясы аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Генерал қуу»: Серік Күдебаевты ұстау операциясы аяқталды

30.04.2023

«Генерал қуу» операциясы аяқталды. Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев былтырғы қаңтар оқиғалары кезінде билігі мен құзыретін асыра пайдаланып, ұсталғандарға жәбір көрсету сияқты фактілер бойынша күдікке ілінген еді. Сот ісі басталғанда ол қашып кетіп, сәуірдің басында Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланады.

ҰҚК таратқан ақпаратқа сәйкес, ол мемлекеттік шекарадан наурыздың 23-і күні өтіп, Қырғызстанға жеткен. Сол күні Бішкектегі Манас әуежайынан Стамбулға ұшқан. Шекара қызметі оның ресми бекеттен өтпегенін айтады. Демек, заңсыз өтуіне сеп болғандар бар шығар?! Ол жағы белгісіз. Бас прокруор Берік Асылов Күдебаевтың Түркияда ұсталғанын ғана растады. 

Екі күннен кейін Күдебаевтың ісі бойынша Талдықорғандағы Жетісу облыстық сотында отырыс өтті. Генерал-майор кінәсін мойындамады. Тіпті, оның ұлы Арман Мырзақұлов әкесінің ұсталмай, өзі келгенін айтқан. Бас прокуратура бұл ақпаратты жоққа шығарып, Күдебаевты ұстау үшін Интерпол күші қосылып, Түркияның Әділет министрлігіне оны қайтару бойынша материалдар жолданғанын жеткізді. Күдебаев қаңтар оқиғасы кезінде департамент басшысы қызмет орнын тастап кетіп, облыстық және қалалық полиция ғимараттарының қиратылып, ондағы қару-жарақтың тоналуына жол берген деген айып тағылып отыр. Тіпті, қаңтардың бесі күні Мәжілісте Күдебаевтың қарулы күзетімен департамент ғимаратынан кетіп бара жатқан видеосы да көрсетілген еді. Сонымен Алматы облыстық ІІД-нің экс-басшысы Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан,10 жылға дейін құқық қорғау органдарында, мемлекеттік қызметте және өзін-өзі басқару органдарында қызмет ету құқығынан айрылды.


Хабарламаларға жазылу