Еуропа ғалымдары Хакім Абайдың бай мұрасын терең зерттеу қажеттігін айтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа ғалымдары Хакім Абайдың бай мұрасын терең зерттеу қажеттігін айтады

10.08.2023

Әлемнің түкпір-түкпірінде ұлы ақынның құрметіне көше атаулары беріліп, ескерткіштері мен мүсіндері орнатылып, орталықтар ашылған. Еуропа ғалымдары мұнымен тоқтап қалмай Хакім Абайдың бай мұрасын терең зерттеу қажеттігін айтады. «Абайдың идеясы тек қазақ халқының ақыл парасатының жауһары ғана емес, жаһан жұртына ортақ рухани байлық», – дейді қарт құрлықтағы зерттеушілер.

Мажарлардың Абай Құнанбайұлына деген ықыласы ерекше. Соның дәлелі ретінде 2014-жылы Мажарстан үкіметі Будапешттің қақ ортасынан қазақтың біртуар ұлының құрметіне мына ескерткішті ашқан болатын. Әлемдік деңгейдегі кемеңгер-бауырлас халықтардың ынтымағын онан сайын бекемдеді. Қазір, Мажарстанда Абайдың тілінде сөйлеп, өлеңдерін жатқа айтуға құштар жандар көп.

Андраш Гал, «Барыс» қазақ-мажар қорының басқарма төрағасы:

Абай «бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» – деп қалай тамаша айтқан. Қазақ ғұламасының осы қағидалары үнемі жадымда. Өз тілін, мәдениетін құрметтей отырып, өзге өркениеттен қалмауды бірнеше ғасыр бұрын білген дана кісі. Қазақ халқы осындай ұлы адаммен мақтануы тиіс.

Қарт құрлық зерттеушілері«ұлы философтың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр туралы ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де өз маңызын жоғалтпайтынын айтады. Ойшылдың өнегелі ойлар шоғыры – әлем халықтарының ортақ қазынасы», – дейді бәрі.

Антоанета Олтяну, Абайдың қара сөздерін румын тіліне аударған аудармашы:

Абай - ұлы ақын, ұлы ойшыл, ұлы тұлға. Ең алғаш оның шығармасын оқығанда жан-дүнием дүр сілкінді. Әсіресе, 21-қара сөзіндегі мақтаншақтық туралы айтқаны ғажап. Оның еңбектері-мәңгілік мұра. Терең зерттеуді қажет етеді.

Иржи Шима, шығыстанушы:

Абайдың қара сөздері қанша ғасыр өтсе де әлі өзекті. Өзім оны оқыған сайын, ерекше ләззат аламын. Абай арқылы, қазақтың болмысын тануға қызығып, қазір қазақтың мақал-мәтелдерін чех тіліне аударып жатырмын.

Чехияның ұлттық кітапханасындағы «Абай» орталығына хакімнің ішкі дүниесін терең зерттеуге мүмкіндік беретін құнды еңбектер қойылған. Мыңнан аса кітаптың ішінде ақынның 1909-жылы шыққан жинағының, басқа да көне жазбаларының көшірмелері мен суреттері бар. Ағартушының қара сөздерінің чех тіліндегі аудармасын көпшілік осы жерден оқып, құлаққап арқылы бірнеше тілде тыңдай алады. «Абай – қазақ халқының ғана рухани көсемі емес, ол – әлемдік деңгейдегі кемеңгер» – деген Еуропа ғалымдары ойшылдың ғибратты мұрасын дәріптеп, зерттеуді әрі қарай да жалғастыра бермек.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу