Абайдың туған күні - 23 тамыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абайдың туған күні - 23 тамыз

09.08.2019

Абайдың туған күні 10 тамыз емес, 23 тамыз. Ұлт ұстазының еңбектеріне терең бойлаудың орнына, туған күн жөніндегі деректерді талқыладуан әрі аса алмай жүрміз. Хакім Абайдың бай мұрасын зерттеу үшін ғылыми зерттеу институтын ашатын кез келді. Бұл - абайтанушылардың ортақ ұстанымы. Елордадағы руханият орталығында бір топ зиялы қауым Абай Құнанбайұылының туған күніне қатысты жиын өткзіп, осындай мәселелер көтерді.

Абайдың туған күні кеңестік кезде, одан кейінгі энциклопедияда да ескі күнтізбемен 10 тамыз деп жазылған. Алайда турасы - 23 тамыз.

Ербол Тілешов, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының  директоры:

Абайдың өмір жолы дейтін естілігінде: «Құнанбай Қасқабұлаққа келіп, Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжаннан ұл туды. Оның атын  Ибраһим қойды. Ол ескіше 10 август, 1845 жыл»,- дейді. Онда бүгінгі 13 күнді қосатын болсақ Абайдың туған күні 10 тамыз емес, 23 тамыз болып шығады. Семей жұрты осылай атағанына 20 жылдан асып кетті.

Ғалымдар ақынның бай мұрасын терең зерттеудің орнына туған күнді талқылаудан әлі де аса алмай жүрміз дегенді айтты. Қазір елімізде аудан мен қаланы айтпағанда Абай атындағы 1500-ге жуық көше, 81 саябақ, 21 мектеп, 17 ескерткіш, 14  Мәдениет үйі, тіпті  бір көпір мен өзен бар. 

Сая Итеғұлова, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы:

Мысалы, Қызылорда облысының Қазалы қаласында Абай атындағы қалқымалы көпір бар және Меркі ауданында Абай атындағы  өзен бар.

Алайда абайтанушылар: «ақынды өскелең ұрпақтың есінде қалдыру үшін мекеме мен көшеге Абайдың есімін беру жеткіліксіз, оның мол мұрасын жан-жақты насихаттап, зерттеу жағы кемшін»,- дейді.

Алмахан Мұхамедқалиқызы, ақын:

Ескерткіш, қала атауы, мекемелердің атауы бұл тек Абайға жасалған құрмет қана. Ұлттың ұстазы Абайға бір орталықтың болуы ол заңдылық. Қала бойынша ашылсын.  Бүкіл аудармаларын қосқанда, өзі туындылары бар-жоғы 308 ғана. Сол 308 еңбекке бойлай алмай жүрміз біз.

Мамандар Конфуци мен Гетенің әлемде 200-дей институты бар екенін алға тарты. Абайдың еңбектерін неге бұлай зерттемеске?!

Омар Жәлел, абайтанушы:

Біз осы бүкіл ұлттың болашағын айқындайтын, үлттың болмысын ашып берген ұлттың көсемі - Абайға әлі бірде-бір ғылми зерттеу институтын ашқан жоқпыз. 

Дулат Абибуллаев, тілші:

 Келесі жылы Абайдың 175 жылдығы халықаралық  деңгейде атап өтіледі.  Президент Жарлығымен оны ұйымдастыратын мемлекеттік комиссия құрылды. Абайтануға қатысты біраз мәселе келесі жылы шешімін табуы мүмкін.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

 

Хабарламаларға жазылу