Қытай астанасы мен солтүстігінде топан сумен күрес жалғасып жатыр
Қытай астанасы мен осы елдің солтүстігінде топан сумен күрес жалғасып жатыр. Алапат тайфунмен жеткен жауын-шашынның арты тасқынға ұласқан еді. Ондаған адам қаза тапты.
Кейінгі күндері Қытайдың солтүстігінде талай ауыл мен қаланың көшесі өзенге айналып отыр. Сондықтан оларда басты көлік автомобиль емес, қайықтар. Апаттан, әсіресе Хэбэй провинциясы қатты зардап шеккен. Мұнда сан мың тұрғын дүние-мүлкінен айрылды.
Ли Данли, жергілікті тұрғын:
Жақын маңдағы ауылдардың көбі тасқынның ортасында қалды. Мен енеме қоңырау шалдым, ол егістік алқаптарын да су шайып кеткенін айтты. Топан су үйлердің төбесіне дейін көтеріліп, талай адам жиһазы мен киім-кешегінен айырылған.
Соңғы мәліметке қарағанда, осы аймақтың Чжуочжоу қаласынан 100 мыңға жуық адам немесе жергілікті халықтың алтыдан бір бөлігі эвакуацияланған. Сонымен қатар талай үй мен көлікті су шайып кетті.
Хи Хайди, жергілікті тұрғын:
Біздің маңайдағы көліктердің ешқайсы аман қалмады. Кейбіреулерін су шайып кетті, кейбіреулері із-түзсіз жоғалды. Ал өзгелері толығымен жойылды.
Қытай астанасы Бейжің мен солтүстікке нөсер жауын «Доксури» тайфунымен жетті. Одан жолдар мен ауыз су құбырлары да бұзылды. Қазр көптеген елдімекендерге азық-түлік жеткізу мұңға айналып отыр.
Синоптиктердің хабарлауынша, Бейжің жұрты дәл мұндай алапат жауын мен тасқынға соңғы 140 жылда алғаш рет куә болып отыр екен.
Арыстан Рысбек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы