«Ақкенттегі» өрттің шығу себебі 10 күнде анықталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ақкенттегі» өрттің шығу себебі 10 күнде анықталады

02.08.2023

Иә, ақкенттіктердің бар уайымы қазір жансақтау бөлімінде жатқан көршілерінің дін-аман ауруханадан шығуы. Кешқұрым уақытта аяқ-асты болған апаттан кейін әлі естерін жимаған. Тіпті, өрттің қайдан шыққанын түсінбеген тұрғындардың, өздерін құтқарған жандарға алғысы мол.

Ақкенттіктердің айтуынша, тілсіз жау 16 қабатты тұрғын үйдің қақ ортасындағы дәлізден басталған. Қою қара түтін әп-сәтте төменгі және жоғары қабаттарға жеткен. Ыстың иісін алғашқылардың бірі болып сезген екінші қабаттағы Тілеужан есімді азамат, дереу отбасын сыртқа шығарған. Артынша көршілеріне көмекке жүгіріпті. Осылайша ол өрт сөндірушілер келгенше 16-қабатқа 6-7 рет көтеріліп, түтінге тұншыққандарды сыртқа шығарып үлгерген.

Тілеужан Ахметхан, қала тұрғыны:

Басты ниетім өзімнің де бала-шағам бар. Ана балалар шыңғырған кезде тұра алмай қалдым, жүгіріп кіруге тырыстым. Кіріп, қолымнан келгенше алып шықтым, соңғысы енді қиындау болды. Басыма орап алған кезде ол кезде көзім де жабық тұрды. Мысалы, балам төсектің үстінде жатыр дегенді естіп алам да қолмен сипап жүріп тауып алам ғой жаңағыдай. Бір пәтерге кірген кезде дем ала алмай қалдым да, терезеден басымды шығарайын деп дем алайын десем, астынан келіп тұрған түтін дем алуға мұрша бермеді. Секірген кісілер де сондай халге түсті де, түтінді жұтып.

Жанталасқан тұрғындар үйдің балконындағы қосымша баспалдақпен де түсіп көрмек болған. Бірақ кей пәтерлерге кіру мүмкін болмапты.

Жасұлан Өксікбаев, қала тұрғыны:

15-тен 14-ке бұзған кезде бір тәте екі қызымен тұр екен. Беттерін сүлгімен жауып алып, 13-ті бұза алмадым. Киімдер қойып тастаған, шамам жоқ. Сосын тәтеге айттым жүріңіздер жоғарыға қарай деп, сөйтіп Тілеужан көршім келді ғой. Сол алып шықты ғой. Мұнда адамдар бар деп өрт сөндірушілердің бәрін алып келіпті.

Тұрғындарға көмекке сол маңда құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан компанияның мамандары да келген. Олар арнайы крандарымен жоғары қабаттан секірейн деп тұрған адамдарды дер кезінде құтқарып қалған.

Қызыл жалынды ауыздықтауға 6 минуттың ішінде 14 техникамен 50 өрт сөндіруші жеткен. Сондай-ақ 150-ге жуық полиция мен құтқару қызметінің мамандары келіпті. Бір адам көз жұмған апаттан кейін өрт қауіпсіздігін сақтамау және өрттен бір адамның қаза болуына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Қызыл жалынның тұтанған негізгі жері мамандардың айтуынша, дәл осындай кабельді шахтадан болған. Тұрғындар осындай апатты жағдайда мынадай эвакуациялық жолмен өтіп, сырттан көмек сұрауы керек. Бірақ олар есікті ашқан кезде дәл осы дәліз қап-қара қою түтін болған.

Дастан Нұрғалиев, Алатау ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:

Өртті сезетін құрылғымыз. Ол дауыс шығарып хабарлама беру керек еді. Сол кезде датчикпен бірге автоматты түрде желдеткіш қосылады. Қосылғаннан кейін түтіннің бәрін жоғарыға қарай алып кетеді. Бұл жердегі құрылғылар істен шыққан. Сол себепті пәтердегі адамдар өрттің болып жатқанын кешірек білді.

Мамандар өрттің нақты қайдан шыққанын 10 шақты күнде анықтауымыз мүмкін деп отыр. Айта кетейік, тұрғындар бұған дейін де электр қуатына қатысты ақаулардың болғанын алға тартты.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Біз өртенген үйдің жанындағы үйге кіріп, осы кабель шахтасын арнайы көрдік. Мұнда кез-келген адам кіріп, тіпті, балалардың өзі де ермек үшін кіріп-шығуы әбден мүмкін. Қысқасын айтқанда ешқандай қауіпсіздік ережесі сақталмаған.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу