Басты Жаңалықтар Алматы облысында «Байсерке аспаны – 2026» авиашоуы өтеді

Алматы облысында «Байсерке аспаны – 2026» авиашоуы өтеді

Осы жексенбі Алматы облысында «Байсерке аспаны – 2026» халықаралық авиашоуы өтеді. Еркін ауылындағы Байсерке аэродромында ұйымдастырылатын ауқымды шараға 20 мыңға жуық адам келеді деп күтілуде. Қонақтар ұшқыштардың шеберлігіне куә болып, заманауи және тарихи әуе техникаларын тамашалай алады. Бағдарламада авиациялық көрме, әуемодельдік көрсетілімдер, концерттік бағдарлама және балаларға арналған интерактивті алаңдар бар.

Биылғы авиашоуда 20-ға жуық әуе техникасы аспанға көтеріледі. Ұшқыштар арнайы бағдарлама бойынша түрлі маневрлер жасап, көрермендерге әуе өнерінің мүмкіндігін көрсетеді. Сондай-ақ қонақтар парашютшілердің көрсетілімін тамашалай алады. Ұйымдастырушылар бұл шара Орталық Азиядағы ең ірі авиациялық мерекелердің біріне айналады деп отыр.

Қуанышбек Мирамбекұлы, облыстық Туризм басқармасының басшысы:

20 мыңға жуық билеттер сатылады. Және туристерге, қонақтарға арналған көптеген қызық шаралар болады. Оның ішінде 20 шақты авиацияны аспанға көтереміз. Одан бөлек жерде де балаларға арналған, үлкендерге арналған қызық ойын алаңдары пайда болады.

Қазір Байсерке аэродромында қызу дайындық жүріп жатыр. Ұйымдастырушылар алдымен әуеайлақтың инфрақұрылымын ретке келтіріп, көрермендерге қолайлы жағдай жасауға басымдық берген. Демалуға арналған жасыл аймақтар ұйымдастырылып, кіру жолдары мен автотұрақ аумағы кеңейтілген.

Аэлита Федорова, жоба ұйымдастырушысы:

Біз алдымен аэродромның инфрақұрылымын жан-жақты дайындадық. Көрермендер залын кеңейтіп, келушілерге қолайлы жағдай жасадық. Сондай-ақ арнайы жасыл аймақтарда қонақтар отбасымен бірге шоуды тамашалап, демала алады. Кезектің алдын алу үшін екі кіреберіс ұйымдастырылып, автотұрақ аумағы да кеңейтілді. Дайындаған бағдарламамыз көрермендердің көңілінен шығады деп сенемін.

«Байсерке аспаны» авиашоуы биыл алтыншы рет ұйымдастырылмақ. Шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың авиация саласына қызығушылығын арттыру, мамандардың еңбегін насихаттау және өңірдің туристік әлеуетін таныту. Ұйымдастырушылар мен жергілікті билік өкілдері 16 тамыз күні Еркін ауылындағы аэродромда қонақтарды күтеді.


Бөлісу