Ауылдарда тұрғын үй құрылысы қарқынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылдарда тұрғын үй құрылысы қарқынды

31.07.2023

Биылғы алты айда Абай облысында 130 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Үй құрылысы ауылды жерлерде де қарқын алып келеді. Әсіресе, Бесқарағай ауданында бұл жұмыс жүйелі атқарылып жатыр. Сондай-ақ ауданда жол құрылысы да жанданған. Жұмыс барысымен облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев танысып, аудан халқымен есептік кездесу өткізді.

Бесқарағай ауданы негізінен мал шарушылығымен шұғылданады. Өңірде өңдеу өнеркәсібі қарқын алып келеді. Емдік-сауықтыру туризмін дамытудағы әлеуеті жоғары. Қарағайлы орманның іргесінде орналасқан ауданда, емдік көл бар. Оған демалуға жыл сайын мыңдаған турист ағылады. Сондықтан бұл бағытты дамыта түсу үшін жүйелі жұмыстар атқарылмақ.

Талғат Мұратов, Бесқарағай ауданының әкімі:

Жарты жыл ішінде ауданда 780 млн теңгенің өнімі өндірілген. Өңдеу өнеркәсібінде бұл меже 475 миллион теңгені құрады. Ауыл шаруашылығында 12 миллиард теңгенің өнімі дайындалды. Ауданымызда құрылыс та қарқын алып келеді. Тұрғын үй құрылысының сапасы үнемі бақылауда.

Өңір тұрғындарын, әсіресе, жылдар бойы жөндеу көрмеген ауыларалық тас жолдардың жағдайы алаңдатады. Мәселені ретке келтіру үшін биыл 340 миллион теңге бөлінген. Қазір бірнеше елді мекенді аудан орталығымен байланыстыратын жолдар қалыпқа келтіріліп жатыр.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Облыс бойынша өнеркәсіпте өндірілген 670 млрд. теңгеден астам өнім көлемінің 870,7 миллион теңгесі Бесқарағай ауданына тиесілі. Жалпы сомасы 1,4 млрд. теңгеге 44 инвестициялық жобаны іске асыратын боламыз. Бұл жобалар есебінен 7,9 мың жұмыс орны құрылады.

Кездесуден кейін облыс әкімі аймақ тұрғындарын жеке қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Өңір басшысы аудандағы құрылыс нысандарын аралап, сапасын көрді. Бесқарағайда биыл жарты жылдың ішінде 2 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, дені қолданысқа берілген.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу