Ақмола облысы Қорғалжын ауданында бүтін бір ауыл екі аптадан бері сусыз отыр. Себеп – құбыр жарылған. Бірақ оны жөндеуге жауапты компания құлықсыз. Ескірген су желілерін жаңартуға қазынадан қаржы бөлінген. Бірақ құжат дайын емес. Ал шілденің шіліңгір ыстығында халық суға жете алмай отыр. Тіпті ауыз суды сатып алуға мәжбүр.
Қараегін – Астанадан 80 шақырым жерде жатқан ауыл. Халқы судан зарығып отыр. Бұрын там-тұмдап келетін тіршілік нәрі қазір мүлде тоқтаған. Соңғы екі аптада бау-бақшаны суармақ түгілі, тұрғындар ішетін суға зар болды. 80-нен асқан Мырзабай ақсақал суды көрші ауылдан тасып жүр. Басқа амалы қалмады.
Мырзабай Қабыкенов, Қараегін ауылының тұрғыны:
Бұрын ептеп сығырайып түні бойы күзетіп толтыратынбыз. Қазір одан да қалдық. Қиын болды. Міне, бәрі ашық тұр. Кір жуу деген жоқ, ішуге ғана. Малды көлге айдамыз. Көлдің өзі тартылуға тақау. Жағдай қиын болып барады. Ожауға дейін толтырып қоямыз. Бақша қалды. Қурап жатыр.
Су жердің астынан ағып жатыр. Тек оны жеткізетін құбырлар ескірген. Күнде жарылады. Сәйкесінше, ауылға жетпейді. Себебі 50 жылдан бері жөнделмеген. Салдары осы.
Олжабай Орынбеков, Қараегін ауылының тұрғыны:
Су болмағанына 1,5 ай болды. Қыста да, жазда да осылай. Ешкімге керек емеспіз. Су тартатын станциялардан 8 шақырымда ғана тұрмыз. Енді бізден басқа су 1500 шақырымға барады. Қорғалжынға береді, Атбасарға береді. Ал бізге жоқ.
Ауыл халқы ішетін су, міне, далаға кетіп жатыр. Құбырдың жарылған тұсы. Есесіне, халық ай сайын жоқ суға ақша төлеп отыр. Міндеттеп тастаған. Мәселемен ауылдың да, аудан әкімі де жақсы таныс. Бірақ шарасыз. Өйткені станция әкімдік балансына кірмейді.
Мұрат Хамитжанов, Сабынды ауылдық округінің әкімі:
Техника жоқ, апатты жағдай оңдалып жатқан жоқ. Ауылға суды құйып беретін жерлері де жоқ. Су сорғыштар мен қозғалтқыштар жанып кеткен. Апатты оңдамай су келмейді. Оны оңдауға кіріскен де жоқ әлі. Қараегін 8 шақырым жерінен 3 жерден жарылып тұр. Оны оңдайтын эксковаторлары жоқ.
Бір қызығы жауапты компанияға проблеманы шешу үшін биыл қазынадан 387 млн теңге бөлінген. Бірақ құжат дайын емес деген желеумен жұмыс басталмай отыр. Тіпті жарылған құбырды жөндейтін техника тапшы, су жеткізетін де мүмкіндік жоқ. Мұны өздері де мойындап отыр.
Қанат Тоқтаров, «Нұра» топтық су құбырының инженері:
Техниканың да тозығы жеткен ғой. Неге ауыстырмайсыздар? Ауыстыру қарастырылды. Бірін ауыстырса, бірінің тозығы жеткен. Бүгінгі күні тек тасымалдауды ұйымдастырамыз. Мына ақау орындалс, су құбыр арқылы келеді. Оған дейінгі тасымал мәселесін шешу.
Компания жарық шығынын да уақытылы төлемеген. Осы шикіліктің салдарынан жұмыс тағы кідірген. Ал шілденің шіліңгір ыстығында бүтін бір ауыл халқы бір жұтым суға зәру.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Сонымен 500-ден аса ауыл тұрғыны аптап ыстықта сусыз отыр. Ал Қараегінге жақын күндері су келмейді. Жауаптылар құбырды жөндемек түгілі, жақын ауылдан суды жеткізу мәселесін ұйымдастыра алатын емес.
Асима Нұрбайқызы