Түркістан облысында мердігердің салғырттығынан екі ауыл сусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында мердігердің салғырттығынан екі ауыл сусыз отыр

31.08.2023

Түркістан облысының Келес ауданында екі бірдей елді мекенді ауыз сумен қамтуға 894 млн теңге бөлінген, алайда жұрт тіршілік нәріне жарымай отыр. Себебі мердігердің салғырттығынан жұмыс тоқтап тұр. Құрылыстағы кемшіліктерді құзырлы органдар бірнеше рет тексерсе де, нәтиже жоқ. Құрығы ұзын компанияны тапсырыс берушілер ақыры сотқа беруге мәжбүр болған.

Бұл Ақжол ауылындағы көшелердің қазіргі жағдайы. Мердігер су жүргіземін деп шұңқыр қазып кеткенімен ашық-шашық жатыр. Оның ішіне топырақ толып, құбырлар жалғанбай қалған. Ал көшелер жылдар бойы жөнделмейді.

Исматулла Нұрәлиев, Ақжол ауылының тұрғыны:

Арғы көшемен бергі орталық көшеге өтетін көше. Аралықта балалар түсіп кетіп жатыр. Мал түсіп кетеді. Кеше мал түсіп кеткен. Ана қақпағы жұлынып кеткен. Мынаның қақпағы жоқ. Арғы жағында да жоқ.

Алты мыңнан аса халық тұратын Ақжол мен Қауыншы елді мекендеріне ауыз су тарту жұмыстары екі жыл бұрын басталған. Оған мемлекеттен 900 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Алайда құбырларды тапсыру мерзімі өткен жылдың соңы болса да, жұмыстың аяқталатын түрі жоқ. Мердігер қаралған қаржының 700 млн теңгесін алып қойғанымен мардымды жұмыс атқармаған.

Гауһар Жораева, Ақжол ауылының тұрғыны:

10-қарашада береміз деген, бермеген. Көктемде сәуір айында тағы береміз деген. Кешегіде бір жаздың өзінде шілдеде береміз деді. Енді тамызда береміз деді. Бірақ су әлі жоқ.

Қазір екі ауылдың халқы Өзбекстаннан келетін арықтың суын талға жау етіп отыр. Базбірі арықтан шелекпен тасыса, енді бірі ақшасын төлеп қолдан қазып алған құдығына су құйғызып алады.

Анатолий Ткаченко, Ақжол ауылының тұрғыны:

Осыған түнде кішкене хлор саламыз. Микробтары өлсін деп кішкене марганец ерітіндісін саламыз. Соны ішеміз біз, амал жоқ. Басқа су жоқ.

Салаға жауаптылар болса, судың жерасты барлау жұмыстары көрсеткендей 42 метрден емес, 840 метрден шыққанын айтады. Бұл жұмыстар біраз уақыт алған. Десе де, өз жұмысын салғырт жүргізгені және жұмысты мерзімінен бір жыл кешіктіргені үшін мердігер мекемені сотқа берген.

Бақытжан Келес, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

Бұл бойынша құзырлы органдар ба, шағым бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген. Және де қазіргі таңда сот мердігер мекемені жұмысын толық аяқтатуға міндеттеп отыр.

Сабыржан Садықбеков, мердігер компанияның сенімді өкілі:

Алматыдан су сорғыштарға тапсырыс беріп қойғанбыз. Ертең келсе, монтаж жасап бастаймыз. Одан кейін ауылға қарай жұмыстарды бастап көрсетеміз.

Қалай болғанда да, тендерді жеңіп алған компания жыл соңына дейін жұмыстарын аяқтап, тапсыруға міндеттеліп отыр. Оны атқармаған жағдайда мемлекетке айыппұл төлеуді жалғастыра беретін болады.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу