Қайтарылған жайылым жерлерді қорасында санаулы малы бар ауылдықтар пайдаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайтарылған жайылым жерлерді қорасында санаулы малы бар ауылдықтар пайдаланады

25.07.2023

Игерілмеген жер – ел игілігіне. Өткен жылы азаматтарға заңсыз берілген немесе пайдаға жаратылмаған 5 жарым млн га-ға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 4,8 млн-ы жайылымдық жерлер. Президент соңғы Жолдауында бұл бағыттағы жұмыстарды ширата түсуді тапсырған болатын. Саланы цифрландыру да маңызды. Игерілмеген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жүйелі жүзеге аса бастады. Қайтарылған жер ауылдық округ әкімдіктерінің теңгеріміне беріледі. Жайылымды әрі қарай қорасында санаулы малы бар ауылдықтар пайдаланады.

Ерғали Тілеген, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:

23-жылға жоспарымыз 1 млн 15 мың га жерді орта жайылыммен қамтамасыз ету. Жүзге тарта ұсақ малдары бар, 20-ға тарта ірі қаралары бар, ол ауыл шаруашылығы жануарларын шалғай жердегі жайылымдарға шығару арқылы, пада дейді ғой, сол арқылы бақташы жалдап, шалғайға шығару мәселесін қарастырудамыз.

Өткен жылы ел бойынша мемлекет меншігіне 5,4 млн гектар жер қайтарылды. Алқаптар аумағы бойынша Қарағанды облысы көш бастап тұр. Аймақта 1 млн 224 мың гектардан астам жер қайтарылды. Түркістан облысында 521 мың, Қостанай аймағында 518, Ақтөбе облысында 510 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне өтті. Алғашқы бестікті Павлодар облысы түйіндейді. Аймақта 379 мың гектар жер қайтарылды. Ал ең аз жер қайтарылған аймақ – Абай облысы. Мұнда небәрі 67 мың гектар жер мемлекет менішігіне қайтарылған. Бұл мәліметтер ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасында кез келген азаматқа қолжетімді. jerkarta.gharysh.kz геосервисінде бұған дейін игерілмеген, заңсыз беріліп, мемлекетке қайтарылған учаскелер туралы ақпарат орналастырылған.

Дамир Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:

Одан бөлек үлкен бір платформа бар. Aisgzk деп аталады. Ол жерде қандай мекеме жерді алған, қандай мақтатта, қанша жылға, ол жерді кім игеріп отыр деген сияқты ақпарраттарды сол платформадан алуға болады. Сандық мөлшердегі жұмыстар үлкен нәтижесін беріп отыр.

Қазір төрт түлікке 9 млн га-ға жуық жер жетіспейді. Бұл көбінесе жеке қосалқы шаруашылықтарда мал санының өсуімен байланысты. Министрліктің мәліметінше, биыл жыл басынан тағы 2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 5 млн гектарға жеткізу жоспарда бар.

Дарын Сағитов, тілші:

Малшы мен диқаншыны жермен қамтамасыз етпей ауыл шаруашылығын толыққанды дамыту мүмкін емес. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігіне қатысы бар мәселе. Малға жайылым таппай жүргенде жер пайдаланушылардың немқұрайлығынан 90 млн гектар эрозияға ұшырап кеткен. Қазір жердің одан әрі тозуына тосқаул қою қажет. Осыған байланысты, ауыл маңындағы жем-шөп алқаптарын жақсарту шаралары да қолға алынды.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу